1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6636 әскери бөлімінде балаларға арналған мазмұнды әрі тәрбиелік іс-шара өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мерекелік бағдарламаның мақсаты – бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау ғана емес, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен бейбіт өмірдің қадірін ұғындыру.
Шараны салтанатты түрде ашқан бөлім командирі полковник Ерлан Буранбаев балалар мен ата-аналарды мерекемен құттықтап, бала тәрбиесінің маңыздылығына тоқталды.
Мереке барысында балалар ән айтып, би билеп, патриоттық тақырыптағы өлеңдер оқыды. Олардың өнерін әскери қызметшілер ерекше ықыласпен тамашалады. Бұдан бөлек, кішкентай қонақтар әскери техникамен танысып, сарбаздардың саптық жаттығуларын тамашалады. Қару-жарақ үлгілері көрсетіліп, әскери қызметтің қыр-сыры жайлы мағлұмат берілді.
Балалар үшін аниматорлар ұйымдастырған ойындар, сайыстар мен эстафеталар ерекше қызығушылық тудырды. “Шахмат”, “Ойыншық”, “Мергендер” сынды жарыстарда белсенділік танытқан бүлдіршіндер марапатталды.
Мереке соңында барлық қатысушыларға тәттілер мен естелік сыйлықтар үлестіріліп, әскери бөлім қызметкерлері қонақтарға арнап дала асханасында арнайы дастархан жайды.
Бұл шара – әскери бөлім үшін дәстүрлі тәрбиелік жұмыстың бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақпен рухани байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.