ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының базасында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған 28-ші халықаралық бокс турнирі сәтті өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Чемпион атағы үшін Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия, Өзбекстан және Ираннан мемлекеттерінің 218 былғары қолғап шебері бақ сынасты. Сондай-ақ турнирге Иран мен БАӘ-ден бақылаушылар да қатысты.
Салтанатты марапаттау рәсіміне ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары полковник Русланбек Бекжігітов, 1996 жылғы XXVI жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Василий Жиров, 2000 жылғы Олимпиада чемпионы, 1996 жылғы Олимпиада ойындарының және 1997, 1999 жылдардағы әлем чемпионаттарының жүлдегері Ермахан Ыбрайымов, 2008 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев және ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері қатысты.
– Біздің турниріміз даңқты қолбасшының 101 жылдығына арналды. Ол өмірін толығымен Отанға қызмет етуге арнады және қазіргі Қазақстан Қарулы күштерінің негізін қалады. Биыл біз жаңашылдық енгізіп, жарыстың мәртебесін арттырдық. Барлық чемпиондарға спорт шебері атағы берілді, – деді Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – АОСК бастығы полковник Арман Әбеуов.
Жекпе-жектердің қорытындысы бойынша 48 келі салмақ дәрежесінде әзербайжан спортшысы Субхан Мамедов, 51 келі бойынша қазақстандық Бекзат Алдамжаров жеңіске жетті. Ал, 54 және 57 келіде Армия орталық спорт клубының спортшысы Қайрат Ернұр мен қазақстандық Асылжан Серікбай жеңіс тұғырынан көрінді. 60 және 63 келіде АОСК спортшысы Талғат Сырымбетов пен әзербайжандық Магсуд Хасметов чемпион атанды.
67 келіде қазақстандық Әубәкір Маханбет үздік болды. Ал, 71 және 75 келіде түрікмен спортшысы Байрамдурды Нурмұхаммедов және жерлесіміз Нұрбол Мұхаметқали үздік шықты. 80 және 86 келіде моңғол спортшысы Ақжол Әбдіхан мен қазақстандық Темірлан Мұқатаев жеңіс тұғырынан көрінді. 92 және +92 келіде түрікменстандық Бекболат Абдикерим мен тағы бір жерлесіміз Аслан Елдібайұлы чемпион болды.
Турнирдің ең үздік боксшысы атағы АОСК спортшысы Талғат Сырымбетовке берілсе, “Жеңіске деген жігері үшін” номинациясы Бексұлтан Боранбекке табысталды.