Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде баспасөз конференциясында Агенттіктің Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Айдын Дәулетбақ және бағалы қағаздар нарығын дамыту басқармасы бастығының орынбасары Рузалия Гильмудинова «Инвестициялық қорлар туралы» заң жобасы туралы айтып берді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сөз сөйлеу барысында А. Дәулетбақ соңғы жылдары бөлшек инвесторлар тарапынан қор нарығына қызығушылықтың айтарлықтай артқанын атап өтті. Бөлшек инвесторлардың шоттарының саны 5 жылда 25 есе артып, 4 млн шотқа жетті.
Сонымен қатар, бүгінгі күні ішкі нарықта, оның ішінде ұжымдық инвестициялар нарығында сапалы қаржы құралдарының желісін кеңейтуге айтарлықтай қажеттілік бар.
Қазақстандық ұжымдық инвестициялар нарығын дамыту жөнінде уақтылы шаралар қабылдау шетелдік капиталды тартуға және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететін болады.
Осыған байланысты Агенттік Дүниежүзілік Банктің консультанттарымен бірлесіп «Инвестициялық қорлар туралы» жаңа заң жобасын әзірледі.
Заң жобасы Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясатының тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде әзірленді, оған сәйкес ұжымдық инвестициялар нарығын дамыту және оны үздік халықаралық практикаға сәйкес келтіру көзделген.
Жалпы алғанда, Заң жобасын қабылдау үздік халықаралық практикаға сәйкес келетін шетелдік инвесторға түсінікті реттеуші орта құру, жаңа қаржы өнімдерін енгізу және инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиісті тетіктерін қамтамасыз ету есебінен ұжымдық инвестициялар нарығын одан әрі дамытуға оң әсер етеді.