Арнайы рейтинг тағайындайтын халықаралық Sustainable Fitch агенттігі «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) қызметін 3 деңгей деп бағалады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл рейтинг Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің тұрақты даму стратегиясын әзірлеп, оны бизнес-процеске интеграциялау бойынша қол жеткізген жетістігін, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік бағыттағы саясатты орынды жүзеге асырып жатқанын көрсетеді.
Айта кетейік, 2023 жылы ЭКА Халықаралық экспорттық-кредиттік агенттіктер альянсының (Net Zero Export Credit Agencies Alliance, NZECA) аффилиирленген мүшесі болды. Альянс 2050 жылға қарай парниктік газдар қалдығын нөлге дейін қысқарту мақсатын көздейді және осы жолдағы аралық кезеңдік міндеттерді 2030 жылға дейін белгілеп отыр. ЭКА NZECA ұйымына кіре отырып, қазақстандық экспорттаушылардың төмен көміртекті экономикаға көшуіне қолдау көрсету, қалдықтарды азайтуға және стратегиялық бағдарларды экологиялық бейтарап және климаттық орнықты жобалар мен инвестицияларға ауыстыруға жәрдемдесу бойынша жауапкершілік алды.
ЭКА – Қазақстандағы даму институттарының бірі ретінде басым салалардағы өңдеуші сектор өнімдерінің экспортын қолдайды. Агенттік – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы.
«Біз жаңа технологиялар мен экологиялық таза өндірістерге негізделген заманауи экономиканы құруға ұмтыламыз. Бұл еліміздің шикізат экспортына тәуелділігін төмендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Алдағы онжылдыққа арналған даму жоспарымыз тұрақты дамуды күшейтуге, декарбонизация мен климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылға бағытталғанын жеткізгім келеді. ЭКА қазіргі таңда ESG талаптарына сай келетін экспорттаушыларға сақтандыру тарифі бойынша жеңілдік ұсынып отыр. Бұл қазақстандық экспорттың экологияға әсерін азайтып, компанияларды орнықты тәжірибелерді енгізуге ынталандырады. Sustainable Fitch агенттігінің рейтингі бізге жаһандық тұрақты даму жолында жаңа биіктерге ұмтылуға серпін береді» ЭКА Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов
ЭКА өзінің даму мандатына сәйкес бір мезгілде қазба отынға және көмір өндіруге қатысты алып тастайтын саясатты қолдана отырып, стратегиялық экспорттық секторларды қолдайды. Агенттіктің сақтандыру портфеліндегі экспорттаушылардың жартысынан астамы – шағын және орта бизнес субъектілері, бұл экономиканың өсуіне ықпал етеді және ШОБ үшін қаржы тартуға жағдай жасайды.
«ЭКА-ның корпоративтік басқару құрылымын оң бағалап отырмыз. 2023 жылы Агенттік тәуекелдерді басқару саясатына ESG-тәуекелдерді енгізіп, ESG-стандарттарын ұстанатын клиенттерге сақтандыру жарналары бойынша жеңілдіктер ұсынады» Sustainable Fitch