Алматыда мемлекеттік рәміздер күні салтанатты түрде аталып өтті

3058
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында тағлымды іс-шара ұйымдастырылды. Еліміздің егемендігі мен тұтастығын бейнелейтін рәміздерге құрмет көрсету – жас ұрпақтың бойында патриоттық рух пен ұлттық сана қалыптастырудың маңызды бөлігі, деп хабарлайды DKnews.kz.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен басталды. Жиналғандар Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаға құрмет көрсетті. Бұл рәсім – Отан алдындағы адалдықты паш ететін маңызды символикалық акт ретінде өткізілді.

Іс-шара аясында қолбасшылық басқармаларында қызмет ететін әскери қызметшілерге мемлекеттік рәміздердің тарихы туралы деректі фильм көрсетілді. Көрсетілім барысында Тудың, Елтаңбаның және Әнұранның қабылдану кезеңдері, олардың авторлары мен символдық мағынасы кеңінен баяндалды.

Шара барысында тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының аға офицері подполковник Дархан Сүйсенов әскери қызметшілерге арнап мазмұнды баяндама жасады. Ол өз сөзінде мемлекеттік рәміздердің тек заңдық маңызын ғана емес, рухани-мәдени құндылық ретінде алар орнын да ерекше атап өтті.

- Мемлекеттік рәміздер – бұл халқымыздың бірлігі мен тұтастығының белгісі. Олар бізді Отанға деген сүйіспеншілікке, оны қорғауға және ел игілігі үшін адал қызмет етуге үндейді. Әскери қызметшілер үшін бұл рәміздер – антына адал болудың айқын көрінісі, - деді подполковник Дархан Сүйсенов.

Айта кету керек, мұндай іс-шаралар тек өңірлік қолбасшылықтың басқармасында ғана емес, оған қарасты барлық әскери бөлімдерде бір мезетте өткізілді. Бұл – ел аумағындағы Ұлттық ұлан құрылымдарының мемлекеттік рәміздерге деген ортақ құрметі мен патриоттық ұстанымының дәлелі.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекеттік рәміздер күні – Қазақстанда 1992 жылдың 4 маусымында бекітілген. Содан бері бұл күн жыл сайын еліміздің барлық өңірінде кең көлемде аталып өтеді. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің басты белгісі, халықтың рухын көтеріп, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда ерекше орын алады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -