Алматыда «Мәңгілік сапта» акциясы өтті: Ақтөбеде қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым жасалды

3905
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» ӨңҚ баспасөз қызметі

Алматы қаласындағы Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде тағылымы терең еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

«Мәңгілік сапта» атауымен ұйымдастырылған бұл бір күндік акция Ақтөбедегі террорлық шабуыл кезінде қызметтік борышын атқара отырып қаза тапқан Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілерін еске алуға арналды.

Шараға жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев, ардагерлер, офицерлер, әскери қызметшілер мен «Халық банкі» АҚ Алматы қалалық филалының өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіш мемориал ашылды. Лентаны генерал-майор Талапкер Әміреев пен Зейнеп Ахметова салтанатты түрде қиды. Бұл мемориал – ел қорғау жолында қаза тапқан ерлердің ерлігін ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға бағытталған тағзым белгісі.

Жиналған жұртшылық батырлардың рухына гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен тағзым етті.

Генерал-майор Талапкер Әміреев жауынгерлердің есімі әрдайым құрметпен аталатынын, олардың ерлігі жас сарбаздарға үлгі екенін атап өтті.

- Бүгін әскери бөлімде «Халық банкі» АҚ Алматы қалалық филалының демеушілігімен ескерткіш бой көтеріп отыр. «Өткенді ұлықтау – өскендіктің белгісі» деген қанатты сөз бар. Осыған орай соғыс жылдарында бейбіт өмір үшін соғысқан ардагерлердің, жат жерде ел намысын бермеген 17 жауынгердің және әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан ұландықтардың есімдері бүгінгі ескерткішке ойып жазылған. Көпке үлгі боларлық өнегелі іс келешек ұрпаққа тарих деп білемін. Өйткені бүгінгі ескерткішке жазылған асыл азаматтардың жанқиярлық ерлігі мен есіл еңбегі жас ұрпақ үшін өнеге, - деді.

Шара соңы салтанатты шерумен түйінделді. Бұл шеруде әскери бөлім қызметкерлері сап түзеп, қаза тапқан қаруластарын үнсіз еске алды.

«Мәңгілік сапта» акциясы – батырлықты ұлықтап, ерлік пен елдік ұғымдарын насихаттайтын тағылымды шара ретінде қатысушылар жүрегінде терең әсер қалдырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -