2025 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен халықаралық BigONE криптовалюта биржасы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Келісімге МКК атынан Комитет Төрағасының орынбасары Сеилжан Ахметов және BigONE компаниясының акционері Тянь Юнбинь қол қойды.
Мақсаты – цифрлық активтер саласындағы салықтық әкімшілендіру, тәжірибе алмасу және кәсіби біліктілікті арттыру бойынша ынтымақтастықты нығайту.
Кездесу барысында тараптар келесі мәселелерді талқылады:
- криптоиндустрия мен экономиканы цифрландырудың даму перспективалары;
- Қазақстанның жаһандық криптонарықтағы негізгі қатысушылардың бірі ретіндегі өсіп келе жатқан рөлі;
- Қазақстан Республикасы Президентінің Crypto City құру және цифрлық активтер айналымына арналған заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру жөніндегі бастамасы.
Қазақстан тарапынан BigONE компаниясымен ынтымақтастық:
- криптовалюта операцияларының ашықтығын арттыруға;
- цифрлық ортада әділ әрі тиімді салық салуды қамтамасыз етуге;
- цифрлық активтер саласының тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді деген сенім білдірілді.