Coursera 2025: Қазақстан цифрлық дағдылар деңгейі бойынша әлемнің үздік 40 елі қатарына кірді

1573
Фотосурет: Gov

Coursera-ның 2025 жылға арналған Жаһандық дағдылар жөніндегі есебі (Global Skills Report 2025) жарияланды – бұл 109 елден 170 миллионнан астам пайдаланушының деректеріне негізделген цифрлық және кәсіби дағдылар бойынша жыл сайынғы ғаламдық шолу, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Жаһандық дағдылар рейтингінде 37-орынға және Жасанды интеллектінің жетілу индексі (AI Maturity Index) бойынша 51-орынға ие болып, кадрлар даярлау саласында бәсекеге қабілетті елдер қатарындағы орнының тұрақтылығын растады. Елде ең сұранысқа ие бағыттарға қызығушылықтың айтарлықтай артқаны байқалады: генеративті ЖИ курстарына тіркелу 383 пайызға, киберқауіпсіздік курстарына қызығушылық 80 пайызға, сыни ойлау курстарына қызығушылық 43 пайызға, кәсіби сертификаттарды алу 50 пайызға артқан. Қазақстан цифрлық инклюзия деңгейінің жоғарылығымен ерекшеленеді: білім алушылардың 56 пайызын әйелдер құрайды, ал 62 пайызы оқуды мобильді құрылғылар арқылы алып жатыр. Бұл оқытудың тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді екенін көрсетеді.

Мұндай нәтижелерге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі үйлестіретін Coursera Qazaqstan ұлттық бастамасын іске асыру арқылы қол жеткізілді. Айталық, Coursera жобасына 2023 жылы еліміздің 25 жоғары оқу орны, 2024 жылы 93 жоғары оқу орны қатысса, 2025 жылы 95 жоғары оқу орны қатысты. Студенттерге әлемнің жетекші университеттері мен компанияларының 14 000-нан астам курсы қолжетімді болды. Министрліктен берілген лицензиялар аясында үш жылда платформа арқылы 167 372 студент оқудан өтті, 288 347 сертификат берілді. 2025 жылы AI Sana жобасы аясында жасанды интеллект бойынша жеке трек іске қосылып, оның шеңберінде 47 399 сертификат табысталды. Бұл деректер онлайн оқытудың және микроқұзыреттердің жаңа экономика кадрларын даярлаудағы, сондай-ақ Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін орнықты дамытудағы стратегиялық маңызын дәлелдейді.

Айта кетейік, есепте білім алушылардың мінез-құлық деректері мен макроэкономикалық көрсеткіштерді біріктіретін жаңа 3.0 әдістемесі қолданылған. Бұл көрсеткіштерге адами капитал индексі, еңбек нарығына қатысу деңгейі, жан басына шаққандағы ЖІӨ және Жаһандық инновациялық индексі жатады. Сонымен қатар Coursera деректері мен Халықаралық валюта қоры, ЭЫДҰ сияқты халықаралық дереккөздер негізінде елдердің жасанды интеллектіні енгізуге дайындығын бағалайтын AI Maturity Index алғаш рет ұсынылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -