Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев Инклюзивті спорт орталығы құрылысының барысымен танысты және елорда әкімі Жеңіс Қасымбекпен әлеуметтік инфрақұрылым мен жабдықтарды ұйымдастырудың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Құрылысы осы жылдың көктемінде басталған Инклюзивті спорт орталығы ерекше кешен болып табылады. Мұнда параспортшылар жаттығу жасау және жарыстарға дайындықпен қатар оңалтудан да өте алады. Кәсіби жаттықтырушылар қызметі мен арнайы жабдықталған ауқымды залдардың мүмкіндігімен қоса әлеуметпен араласуға оң жағдай жасалады. Олардың арасында футбол мен баскетболды арбамен ойнауға, үстел теннисі мен голболға, волейболды отырып ойнау мен боччаға арналған залдар және т. б. бар. Сондай-ақ орталықта мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арналған дене шынықтыру, спорт, оңалту қызметтері көрсетілетін болады.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Әділетті Қазақстан тұжырымдамасының басым бағыты мен еліміздің саясаты инклюзивті қоғам құру және мүгедектігі бар азаматтарға тең мүмкіндік жасау болып табылады.
Сенат Төрағасы еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік саясатта инклюзивті тәсілдерді іске асыруға баса назар аударып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Қазақстандағы жүргізіліп жатқан жаңарулардың негізі болатын әділеттілік қағидатына инклюзивті қоғам құрмай қол жеткізу мүмкін емес, ол баршаға тең мүмкіндік пен кешенді тәсілді қамтамасыз ететін болады.