ТЖ министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен Жетісу облысы Полиция департаментінің Ескелді ауданы полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Өмірбек Сенбай мен патрульдік полиция қызметінің аға инспекторы Мұхтар Нұрмұханбетов «Суға батқан адамдарды құтқарғаны үшін» медалімен наградталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ведомстволық награданы облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Бекбосынов табыс етті.
Еске салайық, биылғы жылғы 23 наурызда полиция қызметкерлері Ескелді ауданындағы техникалық су қоймасында суға батқан адамдардың өмірін құтқару кезінде батылдық пен жанқиярлық танытқан.
Оқиға кезінде тәртіп сақшылары өз өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан суға батып бара жатқан азаматтарды аман алып қалған. Олар кәсіби әрекет ету арқылы төтенше жағдайдың қайғылы аяқталуына жол бермеді.
Бұл награда – полиция қызметкерлерінің қоғам алдындағы борышын абыроймен атқарып жүргенінің жарқын дәлелі.