Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Әлімбет ауылында "Ауыл құтқарушылары" республикалық бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
ТЖМ басшысы генерал-майор Шыңғыс Әріновтің бастамасымен іске қосылған бағдарлама ауылдық жерлерде азаматтық қорғау инфрақұрылымын дамыту мен өртке қарсы және жалпы қауіпсіздік мәселелері ерекше қажет өңірлердегі төтенше жағдайларға нақты, жедел ден қоюды қамтамасыз етуге бағытталған.
Әлімбеттегі жаңа өрт сөндіру бекеті білікті жеке құраммен жасақталып, заманауи өртке қарсы техникамен, байланыс құралдарымен және тәулік бойы кезекшілікке қажетті жарақтармен толықтай жабдықталған. Бағдарлама шеңберінде арнайы даярлықтан өткен жергілікті тұрғындардан тұратын ерікті өртке қарсы құралымдарды құруға және қолдауға ерекше назар аударылады. Бұл жылдам әрекет етуді қамтамасыз етуге және кәсіби құтқарушылар мен халық арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді
"Қазақстандықтардың қауіпсіздігі қалада және ауылда бірдей қолжетімді болуы тиіс. "Ауыл құтқарушылары" бағдарламасы тек техника мен ғимараттар ғана емес, бұл адамдардың кез келген сәтте көмек келетініне деген сенімі", — деп министр атап өтті.
Ашылу салтанаты аясында министр өрт сөндіру автоцистернасының кілттерін табыс етті, бұл бекеттің жедел ден қою мен өртті сөндіру мүмкіндіктерін барынша кеңейтеді.
"Ауыл құтқарушылары" бағдарламасы ауылдық елді мекендерді қамти отырып, жұмысын жалғастырады. Бұл азаматтық қорғау ұлттық жүйесін нығайтудағы және Қазақстан өңірлерінде орнықты қоғамдастықтарды қалыптастырудағы стратегиялық қадам.