Механикаландырылған бригада бөлімшелері жауынгерлік дабыл бойынша іс-қимылдарды пысықтады

1947
Фотосурет: Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Механикаландырылған бригада дабыл бойынша көтерілді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жаңа оқу кезеңі аясында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты механикаландырылған бригадада жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіру бойынша тактикалық-саптық сабақтар өткізілді.

Сабақ барысында әскери бөлім дабыл бойынша көтерілді. Жеке құрам белгіленген уақыт ішінде өз орындарына жедел жетіп, дабылдан кейінгі іс-қимылдарға толықтай кірісті. Әскери қызметшілер жеке даярлықтарын пысықтап, жаңадан келген мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар қару-жарақ пен көлік құралдарын қолдану дағдыларын меңгерді.

Кенеттен берілген дабыл кезінде бөлімнің жауынгерлік әзірлігі бақылау тобымен бағаланды. Мұндай жаттығулардың негізгі мақсаты – бөлімшелердің арнаулы тапсырмаларды орындау қабілетін тексеру, жедел шешім қабылдауға, ұжымдық үйлесімділікке баулу болды.

Бөлімше толықтай жауынгерлік дайындыққа келтірілгеннен кейін белгіленген аудандарға марш жасап, онда оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Командирлер шеру жағдайында түрлі тактикалық шешімдер қабылдап, жеке құрамға нақты міндеттер жүктеді.

 «Мұндай оқу-жаттығулар әскери бөлімнің жауынгерлік қабілетін арттырып қана қоймай, жеке құрамның кез келген жағдайға дайын болуын қамтамасыз етеді. Жауынгерлеріміздің уақытылы әрекет етуі, сапалы дайындықтары және тәртіптілігі бөлімнің жауынгерлік рухының жоғары екенін көрсетті» Бөлім командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары майор Ержан Сабырбекұлы

Тексеру барысында әскери қызметшілердің штаттық қару-жарақпен әрекет етуі, тәжірибелік оқ атуларды орындауы, жауынгерлік даярлық пәндері бойынша нормативтерді орындау деңгейі жіті қадағаланды.

Мұндай дайындықтар жеке құрамның кәсіби шеберлігін шыңдап, кез келген жағдайда тиімді әрі жедел әрекет ету дайындығын арттыруға бағытталған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -