«АлЭС» АҚ-дағы үш мыңнан астам қызметкердің шамамен 94%-ы - жұмысшы кәсіп иелері. Компанияда оның өзіндік өндірістік тірегі - сипатты ерекшеліктері жоғары кәсібилік болып табылатын, қолдарының шеберлігі жоғары техникалық өресімен үйлескен жұмысшы табының жаңа элитасы қалыптасты. Жаңа уақыт – жаңа талаптар, жаңа кәсіби стандарттар. Дәл осы Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында еліміздің бүкіл өндірістік секторы үшін маңызды саналатын кадрлар бағытының мақсаттары, алгоритмдері мен бағалау өлшемдері қайта нақтылануда.
Тек жұмысшы таптың ғана емес, жалпы ел экономикасының өндірістік элитасының қалыптасуы жүріп жатыр. Оның өкілдері біліктіліктің жоғары деңгейімен, көшбасшылық қасиеттерімен және мақсаттылығымен сипатталады, демек оларда мансаптық өсудің жоғары әлеуеті, өзгерістерге бейімделгіштік, жауапкершілік пен кәсіби этика, кең дүниетаным, белсенді азаматтық ұстаным және әлеуметтік белсенділік те бар деген сөз.
Тұрақтылық факторлары
Жұмысшылар элитасы негізгі салалардың тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, экономиканың негізін қалыптастырады. Олардың біліктілігі мен тиімділігі елдің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді, деп сенеді «АлЭС»-тегілер.
«Қазақстан Президентінің Жұмысшы мамандықтар жылын жариялауы - бұл жұмысшы мамандықтардың экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің негізгі факторы ретіндегі рөлін нығайтудағы стратегиялық қадам. Экономиканың базалық саласы болып табылатын энергетика жұмысшы кадрлардың саны мен кәсіби біліктілігінің төмендеуі қаупін алғашқылардың бірі болып айқын сезінді. Сондықтан үздіксіз циклмен жұмыс істейтін салаларда, соның ішінде энергетикада, кадр мәселелерімен айналыса бастады, 90-жылдары кадрлардың кетуімен, кәсіптік-техникалық білім берудің жойылуымен, жастардың техникалық мамандықтарды таңдауға құлықсыздығымен бетпе-бет келді, – дейді «АлЭС» АҚ-ның Жалпы мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Ернар Сандыбаев. – Сондықтан тәуелсіздік жылдары ішінде АлЭС-те кадрлық тәуекелдерге жауап ретінде көпсатылы және кең таралған кәсіби даярлау мен қайта даярлау жүйесі қалыптасты. Бүгінде ол жұмысшы тәлімгерлігі мектебін, оқу орындарымен әріптестікті, кәсіби және әлеуметтік лифттер жүйесін, жергілікті және шетелдік тәжірибеден өтуді қамтиды».
Дәл осындай өз кадрларына сүйене отырып іске асырылған тәсіл компанияға оның бүгінгі күні барлық өндірістік міндеттерді табысты шешуіне мүмкіндік беріп отыр. Кадрларға салынған инвестициялар тек қалыптасқан кәсіби даярлық жүйесімен шектелмейді. Біз қызметкерлердің жеке дамуына баса мән береміз, өзін-өзі дамытуға ынталандырамыз, әлеуметтік мәселелерде қолдау көрсетеміз. Осындай тәсілдің арқасында біз бірқатар принципті мәселелерді шешіп үлгердік. Біріншіден, жастарға энергетик мамандығының беделін қайтару бағытында көп жұмыс атқардық. Қазіргі уақытта компанияда 800 жас энергетик - 35 жасқа дейінгілер - еңбек етуде. Ал жұмыскерлердің орташа жасы 42 жасты құрап отыр. Яғни біз ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, жас мамандарды даярлап, ардагерлерімізді лайықты демалысқа шығара алдық. Екіншіден, дәлірек айтсақ, бұл - ең бастысы: АлЭС-тің барлық өндірістік объектілері кәсіби қолда және штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Үшіншіден, компания қызметкерлердің өзін-өзі дамытуын жан-жақты қолдайды, әлеуметтік мәселелерді қолданыстағы ұжымдық шартқа сүйене отырып шешеді. Біз үшін қазіргі заманғы жұмысшы - бұл өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, сонымен қатар өз ісіне мақтанышпен қарайтын, интеллектуалдық тұрғыда бай және алға ұмтылуын тоқтатпайтын адам».
Жауапты таңдау
Компанияда бұл кәсіптің соншалықты күрделі екенін жасырмайды, сондықтан табиғи іріктеуден қашып құтылу мүмкін емес: кәсіпті бәрі бірдей мақсатты түрде таңдай бермейді, ал оның қиын, жауапты, терең білімді қажет ететінін түсінген соң, кейбірі кетіп жатады. Алайда бұл таңдауды саналы түрде жасағандар кәсіби салада елеулі табыстарға жетуде. Жас әрі мақсаткер қызметкерлер үшін компания 2007 жылы Қызметкерлерді дайындау бөлімін құрды. Оның мамандары энергетика саласындағы негізгі кәсіптер мен өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша жұмыскерлердің біліктілігін арттыру жұмыстарын жүргізеді. Ең бастысы - оқыту нақты, өндірістің шынайы қажеттіліктері мен жағдайларына барынша жақындатылған.
Бұл жерде компанияның жетекші мамандары мен мол практикалық тәжірибесі және теориялық білімі бар ардагерлері дәріс береді. Бұл тек персоналдың толыққанды дамуына жағдай жасауға, кәсіби біліктіліктің жоғары деңгейін нығайтып, сақтауға бағытталған кадрларды даярлау жүйесі ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар арасындағы еңбек эстафетасы - жаңа деңгейдегі ауқымды, жүйелендірілген тәлімгерлік жүйесі.
Айдос. Кәсіби шыңдарға ұмтылған өрлеуші
АлЭС компаниясы жас жұмысшылар туралы ондаған табысты оқиғаны мысалға келтіре алады. Солардың бірі - Б. Оразбаев атындағы 1-ЖЭО турбиналық бөлімшесінің 7-разрядты аға машинисі Айдос Масиралиев. Айдос бірнеше рет бұқаралық ақпарат құралдарының кейіпкеріне айналды және де ол тек өз компаниясында ғана емес, Іле Алатауының әйгілі шыңдарына шығып, АлЭС туын желбіреткен альпинист ретінде де танымал. Ол бүгінде Үлкен Алматы шыңын, Жастар шыңын, Комсомол шыңын бағындырған. Бірақ ол үшін ол шыққан ең басты шың оның кәсіптік шыңы болып табылады.
«2012 жылдың қарашасында мен АлЭС-ке әңгімелесуден өтуге келдім. Ең алдымен менен температурасы жоғары, барлығы жоғары қысыммен жұмыс істейтін, қуатты сорғылары мен турбиналары бар қауіпті өндірістік нысанда жұмыс істеуге дайынсың ба деп сұрады, - дейді Айдос. - Мен дайынмын деп жауап бердім. Мен осы кәсіпті осындай жерлерде жұмыс істеу үшін оқыдым ғой. Мен алдымен тағылымдамадан өтуші ретінде қабылданып, жұмысымды 4-разрядты кезекші слесарь болудан бастадым. Кәсіпорын маған тек жұмыс қана емес, сонымен қатар мансаптық өсу мүмкіндігін де берді».
2024 жылы Айдос Масиралиев «Самұрық-Энерго» АҚ өткізген «Үздік өндіріс маманы» байқауының жеңімпазы атанды. Бұл жұмысшының мансаптық перспективалары компанияда өте жоғары бағаланады. Сонымен қатар жас маман альпинизммен ғана емес, жүзумен де айналысады, «АлЭС» АҚ спорт секторының жетекшісі болып табылады, жарыстарға қатысып, жетістіктерге жетуде. Айта кетерлігі, «АлЭС» АҚ іріктеу спартакиадаларына оннан астам спорт түрі бойынша алты жүзден астам адам қатысады.
Әділет. Жай ғана мамандық емес - бұл тағдыр.
Әділет Бейсенбаев экономика үшін қиын кезең болып табылған сонау 1999 жылдың қазан айында 2-ЖЭО-ның отын тасымалдау цехына отын беру машинисі болып жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда ол ОҚТО бас инженерінің орынбасары - ӨТБ бастығы лауазымы бойынша еңбек етуде. Оның ширек ғасырлық еңбек жолы компанияға тән типтік мансап: бақылаушы-қабылдаушы болып жұмыс істеді, вагонаударғыш машинисі болды, кейін Отын қабылдау және түсіру орталығына ауысып, слесарь, жол монтаждаушы, пойыздар құрастырушысы, диспетчер, жетекші инженер-технолог қызметтерін атқарды.
Оның кәсіпті таңдауы да салаға тән еді - өзі үшін үлгілі инженерлер болып табылатын ағайынды Бақтыбек пен Жақсыбек Шоланбаевтардың үлгісі бойынша келген болатын. Айтпақшы, АлЭС-те әулеттер дәстүрі мықтап дамыған: мұнда энергетиктердің сегіз әулеті бар. Осындай кәсіби сабақтастықты сақтау еңбек ұжымының берік негізін қалыптастыруға ықпал етеді.
«Ағайындыларды үлгі тұтып, Алматы энергетика және байланыс институтының сырттай бөлімшесіне жылу электр станциялары (ЖЭС) мамандығы бойынша оқуға түсуге шешім қабылдадым», - деп нақтылайды Әділет. – «Мансабымды ең төменгі сатыдан бастап, бүкіл өндірістік процестің толық көрінісін көруге мүмкіндік алдым. Ал басшылық қызметке келгенде, істің барлық қыр-сырын біліп, терең түсініп отырдым. Менің ұраным: «Күніңізді алдыңғы күннің кешінен бастауға тырысыңыз!».
Мен кәсіптік өсу жолының барлық сатыларынан өттім, сондықтан да бүгінгі күні: «Біздің компаниядағы жұмыс - бұл жай ғана мамандық емес, бұл - тағдыр» дегенді сенімді түрде айта аламын. Әр кезең маған баға жетпес тәжірибе сыйлады, басқару мен командалық жауапкершілік жайлы бүгінгі түсінігім дәл сол тәжірибенің негізінде қалыптасты.
Мен әріптестерімнің өндіріс орнында қандай міндеттермен бетпе-бет келетінін жақсы білемін, әсіресе біздің ЖЭО мекенжайына тәулік бойы келіп түсетін жылжымалы құрамдарды қабылдау мен түсіру үдерісінде әрбір адамның еңбегі қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Бұл жол маған еңбекті құрметтеуді, адамдарды бағалауды және жеке де, кәсіби тұрғыда да үнемі даму жолында болуды үйретті.
Біздің компаниядағы жұмыс мен үшін өмір мектебіне айналды. Мұнда мен өз ісімді ғана емес, сенімді әріптестерімді де таптым. Біз маңызды міндеттерді бірге шешіп, алға қарай ілгерілеп келеміз. Кәсіпорынның тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне күн сайын үлес қосып жүрген команда мүшесі екенімді мақтан тұтамын.
Компания әрдайым өсуге мүмкіндік береді: мен бірнеше рет оқудан өтіп, түрлі біліктілікті арттыру курстарына қатыстым, жаңа технологиялар мен тәсілдерді меңгердім. Қызметкерлердің білімін жетілдіруге үнемі көңіл бөлу - біздің корпоративтік мәдениетіміздің маңызды бөлігі. Осының арқасында біз тоқтап қалмай, үнемі дамып, алға жылжып келеміз».
Сондықтан да АлЭС компаниясының республикалық деңгейдегі «Сенім», «Парыз» сияқты байқауларда бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болғаны таңқаларлық жайт емес. Бұл кәсіби байқаулардағы жеңістер - өндірісті ұйымдастыру мен кадр саясаты салаларындағы жүйелі, сауатты әрі нәтижелі жұмыстың айқын дәлелі. Масштабты түсіну үшін айта кетейік: жыл сайын компания бірнеше мың адамның біліктілігін арттыруды қамтамасыз етіп келеді.
Білім мен тәжірибе эстафетасы
Мәселен, 2023 жылы 5 299 жұмыскер оқудан өтсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 6 340 адамға жетті. Бұл тек Қызметкерлерді дайындау бөлімінде ғана емес, сонымен қатар сыртқы ұйымдарда да өткізілген оқытуларды қамтиды. Оқыту барысында бөлім әзірлеген мемлекеттік және орыс тілдеріндегі оқу құралдары, атап айтқанда, электр қауіпсіздігі және жалпы электр техникасы бойынша оқу құралдары пайдаланылады.
Оқытушылардың бірі – Татьяна Андреевна Солодилова, ол 1976 жылдан 2016 жылға дейін 3-ЖЭО-да еңбек етті. Зейнетке шыққаннан кейін инженер лауазымын оқытушылыққа ауыстырды. Оның еңбек жолы құрмет тұтуға әбден лайық және жоғары біліктілік пен кәсіптік тәжірибенің жоғары деңгейінің нақты дәлелі болып табылады: техник-құрастырушыдан бастап, металл мен дәнекерлеу сапасын бақылау жөніндегі инженер, техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі аға инспектор қызметтерін атқарды. Қазіргі таңда ол тыңдаушыларына азаматтық қорғау, жүккөтергіш механизмдерді пайдалану кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидалары, қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану, компрессорлық станцияларды пайдалану және тағы басқа да мамандандырылған пәндер мен тақырыптар бойынша дәрістер оқиды.
«Энергетика саласында жұмыс істеген жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтадым, енді сол білімімді персоналмен, жас мамандармен бөліскім келеді», - дейді Татьяна Андреевна. – «Бұған дейін де, техника қауіпсіздігі жөніндегі аға инспектор болып жүрген кезімде, оқыту жұмыстарын жүргізуге тура келетін. Қазіргі курстарым өндірістік объектілерде еңбек етіп жүрген қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі талаптары бойынша оқытуға және қайта даярлауға бағытталған. Бізде компанияның әртүрлі санаттағы мамандары: өндірістік бөлімшелердің инженерлік-техникалық жұмыскерлері, жұмысшылар, өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар» оқиды.
Сондай-ақ Қызметкерлерді дайындау бөлімі негізгі энергетикалық тақырыптар бойынша біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырады, курс соңында сертификаттар табысталады. Айта кетерлік жайт - АлЭС компаниясында жан-жақты тұлғалық дамуға мән берілетіндіктен, тілдік оқыту да қарастырылған.
Лаура. Командалық жұмыс
АлЭС ұжымының бір бөлшегіне айналған Лаура Құсмолдинова өзінің еңбек жолын 2008 жылы мемлекеттік тіл аудармашысы ретінде бастап, бірнеше жылдың ішінде Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас менеджері лауазымына дейін көтерілді. Қазіргі кезде оның командасында 8 аудармашы жұмыс істейді.
«Кәсіпорын маған тек кәсіби тұрғыда дамуға ғана емес, рухани жағынан өсуге де мүмкіндік берді. Ең бастысы - тыңдай білуді, ұжымда жұмыс істеуді, түрлі пікірлерге сабырмен қарауды үйрендім», - дейді Лаура Құсмолдинова. - «Менің өндіріске келуім алдымнан күтпеген жерден шығармашылық даму мүмкіндіктерін ашқанына өте қуаныштымын. Мен көптен бергі балалық арманымды жүзеге асырдым десем де болады. Қазіргі кезде менің АлЭС-тегі көптеген іс-шаралар мен кездесулердің жүргізушісі рөлінде болуым менің өмірімнің ажырамас және маңызды бөлшеігіне айналып отыр. Әртүрлі корпоративтік іс-шаралар үшін сценарийлер жазып, оларды екі тілде жүргізетінімді мақтаныш сезімімен айта аламын».
Болашаққа салынған инвестициялар
Компанияның корпоративтік саясатының маңызды бөлігі әлеуметтік мәселелерді шешу болып табылады. Бұл бағытта дифференциалды тәсіл қолданылады. Мұнда «Жарқын Болашақ» жастар ұйымы жұмыс істейді, әйелдер клубы құрылған, бірнеше спорт түрі дамып келеді, ал мәдени өмір сан түрлі бағытта өріс алуда. Сондай-ақ энергетиктер қайырымдылық жобаларын да қолдап келеді. Мұның барлығы корпоративтік мәдениетті қалыптастырып, ұйым ішіндегі бірлік пен өзара қолдауды арттыратын ерекше әлеуметтік орта туғызады.
«Біздің компания еңбек адамына негізделген стратегияны жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Қызметкерлердің денсаулығы, қауіпсіздігі мен әл-ауқаты - корпоративтік мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Біз мықты компания ең алдымен нәтижені жасайтын адамға деген құрметтен басталатынына сенімдіміз», – деп атап өтті Ернар Сандыбаев. - «Сол себепті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағытталған жобаларды біз шығын деп емес, АлЭС-тің тұрақтылығы мен болашағына, қызметкерлердің ынтасы мен мотивациясына салынған инвестиция деп қараймыз».
Алға, «Жарқын Болашақ»!
«Жарқын Болашақ» жастар ұйымы ұжымның қалыптасуы мен бірігуінде үлкен рөл атқарып келеді. Ұйымның бастамасымен бірқатар жобалар, челендждер мен акциялар жүзеге асырылды - олардың қатарында қайырымдылық шаралары да, спорттық-мәдени демалыс жобалары да, өндірістік қызметке байланысты іс-шаралар да бар. Бұл жобалар жас мамандардың кәсіби шеберлігін арттырып, жеке дамуына жол ашуда.
«Біздің жастарымыз - ұжымның өндірістегі негізгі тірегі. Жас мамандар барлық департаменттерде және жұмыс учаскелерінде қызмет атқарып жүр. Олардың жауапкершілігі жоғары, еңбек нәтижелері де жақсы», - дейді «Жарқын Болашақ» жастар ұйымының төрағасы - Б. Оразбаев атындағы 1-ЖЭО Жөндеулер қызметінің бастығы Әсет Әмірбеков. - Сондықтан да жастарды дамытуда жеке тұлғалық өсуге бағытталған инвестициялар аса маңызды. Жұмыс берушінің бастамасымен және кәсіподақ комитетінің қолдауымен тұрақты түрде оқыту бағдарламалары мен тренингтер өткізіліп тұрады. Жастар үшін тиімді коммуникация дағдыларын дамытуға арналған түрлі курстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар біз «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның бастамасымен қолға алынған «Жеті Қадам» бағдарламасына қатысып келеміз. Бұл бағдарлама жастардың көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға бағытталған. Мұндай мүмкіндіктер жас мамандарға олардың өз әлеуетін ашуына, әрі кәсіптік, әрі тұлғалық тұрғыдан өсуіне жол ашады. Бүгінде біздің ұйымымызда белсенділік танытып жүрген жүзден астам жас бар. Олардың көбі компанияның кадрлық резервіне кіреді. АлЭС өз ішіндегі жастар қозғалысын барынша қолдап, дамытып келеді. Себебі біз жастардың болашақ көшбасшыларын тәрбиелеудегі, корпоративтік құндылықтарды нығайтудағы рөліне нық сенеміз.
«Жарқын Болашақ» өз қатарына белсенді, әр нәрсеге бей-жай қарамайтын және бастамашыл қызметкерлерді тарта отырып, үнемі өсіп келеді. Мұнда әркім өз идеяларын көрсетіп, қолдау тауып, күшті, дамушы команданың бір бөлшегіне айнала алады. Жастар ұйымы қызметінің тағы бір қыры - компания басшылығымен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсарту: орынжайларды жаңартудан бастап еңбек өнімділігін арттыруға және жұмыс орындарындағы жағдайды жақсартуға дейінгі мәселелер бойынша өзара іс-әрекет жасау.
Компанияның маңызды әлеуметтік жобаларының бірі өндірістік персонал үшін тегін тамақтандыруды ұйымдастыра отырып, жұмыс асханаларын жаңғырту бағдарламасы болды.
«Мемлекет басшысы жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға бірнеше рет назар аударған болатын. Жарияланған жұмысшы мамандықтар жылы бұл салада ұжымның еңбек пен тұрмыс жағдайларын ұйымдастыру деңгейін бағалауға, кемшіліктерді жоюға және заманауи жобаларды іске асыруға себеп болды, - деп есептейді Ернар Сандыбаев. – Сондықтан 2025 жылы біз жұмысшыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша пилоттық жобаны іске қостық. Бұл жоба зауыт асханаларын жөндеуден, жаңғыртудан және заманауи жабдықтармен жарақтандырудан бастап, тамақ әзірлеу мен қызмет көрсетуге дейін тамақтандыруды кәсіби түрде ұйымдастыратын компанияны таңдауға дейінгі үлкен жұмыс көлемін қамтиды. Жоба жүзеге асырылу сатысында: жаңартылған және заманауи 2-ЖЭО асханасында станцияның, «Энергожөндеу» ӨЖК мен ОҚТО-ның мың жұмыскері үшін тамақтандыру ұйымдастырылды. Басқа департаменттердегі жұмыстар жалғасуда. Нәтижесінде АлЭС-тің 2 873 жұмыскері тегін тамақпен қамтылатын болады.
Компанияда іске асырылған әлеуметтік жобалардың қатарында өндірістік алаңдар мен әкімшілік ғимараттарда 42 ауызсу бұрқақтарының орнатылуын атауға болады. Бұл қызметкерлерді қауіпсіз және қолжетімді ауыз сумен қамтамасыз етуге, бөтелкедегі суға кететін шығынды азайтуға, СЭС талаптарын орындауға мүмкіндік берді. Осы бағытты дамыту шеңберінде модульдік дәретханалар орнату жұмыстары да жүргізілуде.
Бұл жобалар туралы шешімдер санитариялық нормаларды, объектілердің қашықтығы жағдайларын және тұрақты кәріз жүйесінің жоқтығын ескере отырып қабылданды. Сондай-ақ компанияның барлық департаменттерінде әлеуметтік-тұрмыстық жайларды жөндеу, жаңа жиһаз сатып алу, персонал мен өндірістік киімге қызмет көрсетуге арналған кір жуатын орындарды құру немесе жаңарту жұмыстары жүргізілуде, спорт алаңдары да жабдықталуда.
Әсем. Даму, сенімділік және тұрақтылық
Компания қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал ететін заманауи және функционалды жұмыс кеңістігін құру жобасы да жүзеге асырылуда. Бұл жоба аясында тек салынғанына 50 жылдан бастап 90 жылдай болған ғимараттар кешенін тәртіпке келтіру міндеті шешіліп қана қоймай, сонымен қатар ішкі операциялық үдерістерді оңтайландыру, еңбек жағдайларын жақсарту, қызметкерлердің мотивациясын арттыру, персоналды дамыту және ішкі коммуникацияны жетілдіру мақсаттарына қол жеткізіледі. Аталған шаралар компанияның жұмыс беруші ретіндегі бәсекеге қабілетті позицияларын нығайтуға бағытталған. Бұл өзгерістер қызметкерлер тарапынан жоғары бағаға ие болып отыр.
«Менің АлЭС-тегі жолым студенттік жылдары басталды. Колледжде оқып жүрген кезімде 1-ЖЭО станциясында өндірістік практикадан өтіп жүргенмін. Практикадан ойдағыдай өтіп, БЖК департаментінің 3-разрядты химиялық талдау зертханашысы ретінде жұмысқа қабылдандым», - дейді БЖК химиялық қызметінің 1-санатты инженер-технологы Әсем Садуақас өз әңгімесін баяндай отырып. – «Осы уақыт ішінде мен Алматы энергетика және байланыс университетін электр энергетикасы мамандығы бойынша бітіріп шықтым. АлЭС-те жұмыс істей жүріп, технологиялық процестерді жетілдіруге өз үлесімді қосуға тырыстым. Компания мен үшін тек жұмыс орны ғана болып қоймай, кәсіби өсу, даму және өзін-өзі жүзеге асыру алаңына айналды».
«Мен белсенді түрде жастар форумдарына, әйелдер клубына қатысып, оқу орталықтарында білімімді жетілдіріп келемін. Бұл маған тек жұмыста ғана емес, сонымен қатар салауатты еңбек қатынастарын қалыптастыруда да көмектеседі. Мен бұл жерде өнеркәсіптік энергетикадағы алғашқы маңызды тәжірибеме қол жеткізіп, мамандық бойынша - лаборанттан инженер-технологқа дейін кезең-кезеңімен дамып, мансап құру мүмкіндігін алдым, оқу және біліктілікті арттыруға қолдау таптым, болашаққа сенімділік пен тұрақтылыққа ие болдым. Мен кәсіпорынға маған сенім білдіргені, менің қабілетіме сеніп, өсуіме мүмкіндік бергені үшін ризамын».
Айғали. Өмір мектебі, қалыптасу және даму алаңы
90 жыл бұрын іске қосылған алғашқы ОЭС-тан бастап компанияда бір дәстүр қалыптасқан: мансаптық өсу алғашқы баспалдақтан басталады. Жоғары білімің бар ма, әлде «көшеден келген» адамсың ба – маңызды емес, емтиханнан тек практика ғана өткізеді. Өсу сатысы ретінде тек жеке нәтижелер ғана қызмет етеді. Энергетика - тым күрделі әрі жауапты сала, сондықтан мұнда біліксіздерге орын жоқ. Сондықтан да қызметкерлердің көптеген табысты мансаптық тарихтары да ұқсас болады. Айғали Ермурзаев та осындай жолды өтіп, жұмысшыдан бастап Каскад ГЭС директорының м.а. лауазымына дейін көтерілді.
«Мен Каскад ГЭС-інде 15 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бастапқыда электр станцияларының электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі 3-разрядты электр слесарі болып еңбек еттім, кейіннен электр монтері, РҚА инженері қызметтерін атқардым», - деп әңгімелейді Айғали. – «Содан кейін электр-техникалық зертхана бастығы, автоматика, өлшеу және байланыс цехының бастығы, бас инженер сынды лауазымдарды кезектестіре атқардым.... Энергетика саласы үнемі дамып отырады, сондықтан бұл салада еңбек ететін адам өзін үздіксіз жетілдіріп отыруы тиіс, ондай мүмкіндіее ие және солай болуы да тиіс.
Бұл жұмыс маған өте ұнайды - техникалық тұрғыдан алғанда Каскад ГЭС-інің өзі ерекше нысан. Бізде ең ұзын құбыр желісі: ҮАК – 1-ГЭС бар, «General Electric», «Ansaldo San Giorgio» гидрогенераторлары сынды ерекше үлгілер бүгінгі күнге дейін де сенімді жұмыс істеп тұр! Мен жабдықтармен жұмыс істеу саласында ғана емес, адамдармен қарым-қатынас жасауда да құнды дағдыларға қол жеткіздім.».
Каскад ұжымы өте ынтымақты, сенімді, тату. Егер жұмыскерлердің еңбек жолына көз жүгіртетін болсақ, көпшілігі өмірінің үлкен бөлігін «Каскадқа» арнағанын байқаймыз. Білім мен тәжірибе әкеден балаға жалғасып отырған. Бізде еңбек әулеттері көп.
«АлЭС» АҚ - мен үшін жай ғана жұмыс орны емес, нағыз өмір мектебіне, қалыптасу мен даму алаңына айналды. Компания маған көп нәрсе берді: магистратураны қаржыландырудан бастап, халықаралық озық тәжірибемен танысуға дейінгі мүмкіндіктерге ие болдым. 2024 жылы мен Швейцарияға барып, Алматы энергетика құрылымындағы ең көне нысан - Каскад ГЭС-ін жаңғыртуға байланысты зерттеу жұмысына қатыстым. Қазір де білімімді жалғастырып жатырмын: IOSH - еңбекті қорғау мен қауіпсіз ұйымдастырудың халықаралық сертификаттау курсын оқып жүрмін. Сонымен қатар, Имаи Масаакидің «Кайдзен. Жапон компанияларының табыс кілті» атты кітабын оқу үстіндемін. Өйткені, біздің компанияда Кайдзен қағидаттары белсенді түрде енгізіліп келеді.
Айғали Ермұрзаев атап көрсеткен үздіксіз білім алудың Lifelong learning және Кайдзен қағидаттары - бұл «АлЭС» компаниясының негізгі құндылықтарының бірі. Компанияда жапондық үнемшіл технологиялар жүйесінің өндірістік қызметке ену жолын 2024 жылдың ақпан айынан бастап меңгере бастады. Осындағы мамандар атап өткендей, біртіндеп әрі аз шығынмен жүзеге асырылатын стратегия осы уақыт ішінде еңбек орнын ұйымдастыру мәдениетін айтарлықтай жақсартып, тиімділікті арттырудың маңызды әлеуетін ашты.
Гүлмира. Химик үшін PhD деңгейіндегі қолдау
Өзгеріс пен дамудан қалыс қалмайтын сала мен үнемі алдыңғы қатарда жүретін компания - бұл Гүлмира Қазез үшін де кәсіби өсуге таптырмас орта. Қазіргі таңда ол - А. Жақұтов атындағы 2-ЖЭО химиялық цехының бастығы. Гүлмира «АлЭС»-ке бакалавриатты аяқтағаннан кейін келген. Өзінің айтуынша, магистратураға түсе алмағандықтан, оған химиялық реагенттерді дайындайтын 3-разрядты аппаратшы қызметі бойынша орналасуға кеңес берілген. Осылайша, ол еңбек жолын қарапайым қызметтен бастап, кәсіби білімі мен табандылығының арқасында бүгінгі басшылық лауазымға дейін өсіп отыр.
«Мен бірден келістім. Вахталық жұмыс кестесі мен үшін қолайлы еді, өйткені осы кезде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистратурасына түсуге дайындық пен Жану проблемалары институтында ғылыми жұмыспен айналысудың мүмкіндігі туды», - деп ой бөліседі ол. - Қазіргі кезде мен химия ғылымдарының PhD докторымын. Магистратураны аяқтағаннан кейін оқуға деген ынтам бұрынғыдан да арта түсті, ғылыми қызметпен айналысуға деген құлшыныс та күшейді. Сонымен қатар, мен жұмыс пен оқуды қатар алып жүре алдым. Осы аралықта дүниеге екі сүйкімді қызым келіп, мені шабыттандырып, алға ұмтылу үшін зор мотивация берген еді.
Алғаш орналасқан қызметім бойынша бар болғаны алты ай жұмыс істедім. Цехтың ұйымшыл ұжымына тез сіңісіп кеттім, онда мен ең жас әрі ең қызығушылығы мол маман едім. Білімге деген құштарлығым бұл жерде де көп көмегін тигізді: жұмыс барысында өсіп, оқуымды аяқтап, PhD дәрежесін алғаннан кейін химиялық цехтың ауысым бастығы болып тағайындалдым. Ендігі жерде мен АлЭС-ті өзімнің екінші отбасым деп айтамын».
Сіздің үйіңіз жоқ па... Болуы тиіс!
Ал ендігі әңгіме отбасы жайында болмақ. Нақтырақ айтсақ - алматылық энергетиктердің отбасылары жөнінде. Бұрындары өндірістік нысандар салынған кезде, жұмысшыларға арнап қатарлас салынатын үйлер мен поселкелер бой көтеретін. Қазіргі кезде нысандар тұрғызылып біткенімен, жас мамандардың баспанаға мұқтаж екендері анық. Осыған байланысты компания жастарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосып отыр. Бұл бағдарламаға 1 015 адам - яғни, ұжымның үштен біріне жуығы қатыса алады.
«Бағдарламаның басты мақсаты – білікті мамандарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, олардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға қосымша мүмкіндіктер беру, сондай-ақ қолайлы әлеуметтік-психологиялық ахуал қалыптастыру», – дейді Ернар Сандыбаев. – Біз энергетика саласындағы әлеуметтік қолдауды жетілдіру бағытында халықаралық озық тәжірибелерді зерттедік. Енді сол тәжірибелерді өз ісімізде қолдануды жоспарлап отырмыз».
Мұндай бағдарламалар қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттырып, олардың ұзақ мерзімді еңбек етуін ынталандырады. Бұның өзі білікті мамандарды тартуға және ұстап қалуға, сондай-ақ еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Ал бұл аса маңызды нәрсе. Себебі қазіргі таңда жұмысшы кадрлардың тапшылығы айқын сезіліп отыр.
«Сондықтан біз мамандарды өзіміз оқытып, оларға инвестиция сала отырып, жұмысшы табының барлық жағынан алғандағы құндылығын түсінеміз. Бүгінде нарықтағы бәсеке өте жоғары: тек жұмыс беруші ғана емес, сонымен қатар заманауи, білімді әрі әлеуеті зор жұмыскер де жұмыс берушіні таңдайды. Біз осы тұрғыда бәсекелесуге дайынбыз…» - дейді компания өкілдері.