Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов банк секторына кірмейтін финтех-компаниялардың, крипто-провайдерлердің, қаржы және төлем қызметтерін көрсетуші ұйымдар мен төлем жүйелерінің өкілдерімен кездесу өткізді. Жиынға қатысушылар цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту, инновациялық финтех-сервистер, цифрлық активтердің айналымын заңмен реттеу және пилоттық жобаларды іске қосу мәселелерін қарады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ұлттық Банк ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту үшін атқарылып жатқан кешенді жұмыстар мен оның басты бағыттары туралы ақпарат берді. Олардың қатарында Open API платформасы, банкаралық карта төлемдерінің жүйесі, цифрлық теңге және Антифрод-орталық бар.
Әсіресе, қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің, соның ішінде криптовалюталардың айналымы мен оларды реттеу мәселелеріне баса назар аударылды. Бұдан бөлек, жиынға қатысқандар активтерді токенизациялау, стейблкойн шығару, крипто-фиаттық шлюзді дамыту, кастодиалдық сақтау сервисін құруға байланысты пилоттық жобаларды іске қосу жоспарын талқылады.
Қатысушылар қаржы инклюзиясын арттыру және заманауи төлем өнімдерін барынша қолжетімді етуге бағытталған жаңа цифрлық сервистерді іске қосу туралы да өз бастамаларын таныстырды.
Сонымен қатар, тараптар Ұлттық Банктің «реттеуші құмсалғыш» тетігі аясында әрі қарай бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін талқылап, цифрлық қаржы құралдарын дамыту үшін тұрақты және қауіпсіз орта құру бағытында бірлесе жұмыс істеуге әзір екендерін білдірді.
Нарық қатысушыларымен тікелей диалог орнату жаңа бизнес-модельдер мен цифрлық инновацияларды дамытатын компаниялар қатарын кеңейтуге мүмкіндік береді, ал бірлескен жұмыс жаңа өнімдерді нарыққа қауіпсіз әрі жылдам шығаруға жол ашады.
FinTech-компаниялардың жаңа пилоттық жобаларды іске асыруына барынша мүмкіндік беру банктер мен елдің FinTech-экожүйесі арасындағы бәсекені арттырады, операция жүргізуге кететін шығындарды азайтып, қызметтерді халыққа қолжетімді ете түседі. Ал мұның барлығы қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Жиын соңында Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов осындай кездесулердің форматын кеңейту және оларды тұрақты түрде өткізіп отыру жоспарда бар екенін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін, 2025 жылғы 3 маусымда Ұлттық Банк екінші деңгейлі банктермен және «Астана» халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтер қызметін ұсынушылармен кездесу өткізіп, «крипто-карталарды» пайдалану арқылы крипто-фиат арнасын ресми түрде іске қосқан болатын.