Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісім бойынша және Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес, полковник Ерлан Мырзалин ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 3656 әскери бөлімінің командирі болып тағайындалды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жеке құрамға жаңа командирді ҚР ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков таныстырды.
Құқықтық тәртіп әскерлерінің Бас қолбасшысы полковник Ерлан Мырзалин өзінің бай қызметтік тәжірибесін тиімді пайдалана отырып, жүктелген міндеттерді абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
Ерлан Мырзалин қызмет жолын Ақтөбе жоғары әскери авиациялық училищесінің курсанты болып бастап, кейіннен авиациялық базаның жауынгерлік даярлық жөніндегі командирінің орынбасарына дейін көтерілді.
Ми-8, Ми-24, Ми-26 тікұшақтарын және өзге де әскери авиациялық техникаларды басқару ісін жетік меңгерген.
Адал қызметі үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және мерейтойлық, ведомстволық марапаттармен наградталған.