Ақтау қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 әскери бөліміне көктемгі шақырылым бойынша жас сарбаздардың алғашқы легі келіп жетті. Түркістан, Атырау және Ақтөбе облыстарынан келген 80-ге жуық жас азамат Отан алдындағы борышын өтеуге кірісті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Әскери бөлімге енді аяқ басқан сарбаздарды бөлімнің жеке құрамы салтанатты түрде қарсы алды. Сапқа қосылған ұландарға бөлім командирі әскери бөлімнің тарихы мен міндеттері туралы қысқаша мәлімет берді.
Сарбаздар арнайы медициналық тексерістен өтіп, моншаға түсіп, әскери үлгідегі киімдерін киіп, толыққанды әскери өмірге бейімделе бастады.
Қатардағы жауынгер Дәурен Бекболатов алғашқы әсерімен бөлісті:
«Алғашында толқу болды, бірақ бізді жылы қабылдады. Енді нағыз әскери өмір басталды. Ата-анамның сенімін ақтау үшін барымды саламын», – дейді жас сарбаз.
Алдағы бір ай ішінде жас жауынгерлер оқу-жаттығу пунктінде саптық, атыс және мемлекеттік-құқықтық дайындықтан өтеді. Оқу кезеңі салтанатты әскери ант қабылдау рәсімімен қорытындыланады.