Ақтау гарнизонының әскери полиция бөлімі мен Маңғыстау облыстық полиция департаменті бірлесіп жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Әскери полицияның көлік бөлімшесі игі бастамаға себеп болды. Жиын теңіз жаяу әскері бригадасы базасында өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Шараға Ақтау гарнизонына қарасты әртүрлі әскери бөлімдердің 100-ден астам әскери қызметшісі қатысты. Олардың қатарында теңіз жаяу әскері бригадасы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасы және әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасы бар. Іс-шараның негізгі мақсаты — көлік айдау мәдениетін арттырып, жауапкершілікті сезіндіру.
Әскери көлік полициясы бөлімінің бастығы, подполковник Еркін Игісіновтің айтуынша, сабақ барысында бірінші жартыжылдықтағы жол апаттарына талдау жасалып, олардың негізгі себептері түсіндірілді. Негізгі себептер - жылдамдықты шамадан тыс асыру, жол ережесін бұзып, қауіпті маневр жасау және көлікті мас күйде басқару
Әскери қызметкерлерге ауыр апаттан кейін қалпына келтіруге келмейтін көліктер көрсетілді. Бұл көліктер қазір айып тұрағында тұр. Мұндай мысалдар жауынгерлерге жол ережелерін сақтамаудың салдары қандай болатынын көрсетті.
«Апатсыз апта» акциясы аясында гарнизонның жеке құрамымен қосымша профилактикалық сабақтар өтті. Жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу, рұқсат етілмеген жерде маневр жасау және гарнизоннан тыс аймақта көлік жүргізу тәртібі кеңінен талқыланды. Әсіресе мас күйде көлік жүргізудің салдарына баса назар аударылды. Әскери қызметкерлер көлік жүргізуге қатысты өздерін мазалаған сауалдарға да жауап алды.
Подполковник Еркін Игісіновтің айтуынша, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Ақтау гарнизонының әскери полициясы әскери қызметшілермен үнемі семинарлар, жаттығулар мен әдістемелік жиындар өткізіп отырады.