Бүгін Орал қаласында орналасқан Ұлттық ұланның әскери бөлімінде ерекше салтанатты іс-шара өтті. Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарған 200-ден астам сарбазды бөлім басшылығы салтанатты түрде шығарып салды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мерекелік шара әскери бөлімнің саптық алаңында ұйымдастырылды. Жиынға бөлім басшылығы мен жеке құрамнан бөлек, құқық қорғау органдары мен бірлесіп қызмет атқаратын мекемелердің басшылары қатысты. Олар жас сарбаздарға жылы лебіздерін білдіріп, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау жолындағы еңбектері үшін алғыстарын жеткізді.
Бір жыл бойы бұл сарбаздар Орал қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау, түзеу мекемелерін күзету, түрлі іс-шаралар мен концерттік жиындар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді жауапты міндеттерді мінсіз атқарды.
Саптық алаңда сап түзеп тұрған сарбаздардың жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі байқалды. Олар осы бір жыл ішінде ерліктің, тәртіптің, ұйымшылдықтың, Отанға адал қызмет етудің шынайы мектебінен өтті.
Пойызға отырғалы тұрған сарбаздардың бірі, қатардағы Дархан Кенжебай өз ойымен бөлісті:
– Әскерде өткізген бір жыл мен үшін үлкен өмірлік мектеп болды. Қатардағы жауынгерден тәртіпті азаматқа айналу жолында көп нәрсе үйрендім. Енді елге барып, осы алған тәжірибемді қоғам игілігіне жұмсағым келеді. Әскердегі әр күнім – ұмытылмас, – деді ол.
Сарбаздарды шығарып салу рәсімі елге деген ыстық ықылас пен алғыс сезіміне толы болды.