Ірі маркетплейстер қазақстандық тұтынушыға бейімделіп жатыр

2354
Фотосурет: Astana International Trade Forum

Alibaba, Wildberries және Halyk Market қазақстандықтарға не ұсынады?

Astana International Trade Forum аясында өткен «CEO Talks: Ритейл көшбасшылары – 2025 бағыты» сессиясында еліміздегі танымал маркетплейстердің өкілдері қазақстандық тұтынушылар мен өндірушілерге не ұсына алатыны туралы айтып берді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Орталық Азиядағы Alibaba өкілі Чингиз Шердің айтуынша, қазақстандық өндірушілер өз өнімдерін халықаралық нарыққа шығарудан бұрын Alibaba  платформасында сынақтан өткізе алады.

​​​​​​​«Alibaba өндірушілерге олардың өнімдерін қай елде, кімге сата алатынын сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Ол үшін жай ғана платформаға тіркеліп, белсенді жұмыс жасау қажет» Чингиз Шер

Қазақстандағы Wildberries  компаниясының корпоративтік байланыстар жөніндегі директоры Қазбек Күжімов маркетплейстің отандық нарыққа бейімделу жұмыстары жайында баяндады.

«Бүгінде Wildberries платформасында 120 мыңға жуық қазақстандық сатушы тіркелген. Астанада логистикалық орталықтың салынуы жергілікті экономиканың үлесін 5%-ға өсіріп отыр. Бұл бір инфрақұрылымдық нысан үшін өте үлкен көрсеткіш. Біз жаңа қызметтер ұсынып, оқыту жүргіземіз және жаңа сатушыларды тартамыз» Қазбек Күжімов

Сонымен қатар, Wildberries қосымшаны қазақ тіліне аударғанын да атап өтті.

«Біз қосымшаны қазақ тіліне аударғанымызды мақтанышпен айтамыз. Бұл – үлкен жұмыс, өйткені, 65 миллион тауар карточкасын бір уақытта аудару оңай болған жоқ. Ай сайын бір миллиондай карточка қосылып отырады және оларды да аударып отыру қажет. Біз тауар сипаттамасын қазақ тіліне аударатын арнайы сервисті іске қостық» Қазбек Күжімов

Halyk Finservice (Halyk Market маркетплейсі) басқарма төрайымы Мөлдір Рысалиева жекелендірілген маркетинг жайында айтты.

«Жекелендірілген маркетинг клиент тарту шығындарын 50%-ға дейін азайта алады. Бізде клиенттердің мінез-құлқын толық зерттейтін “деректер фабрикасы” деп аталатын департамент бар. Мысалы, егер клиент  әуежайда болса, оған медициналық сақтандыруды сатып алу туралы хабарлама келуі мүмкін. Сауда орталығында жүрген кезде – тұрақ ақысын төлеуді есіне саламыз. Дәл сол сияқты тұтынушының қызығушылығына сәйкес тауар санатын да ұсынамыз» Мөлдір Рысалиева

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -