Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде 4-5 маусым күндері елдік пен бірлікті, ұлттың рухани негізін арқау еткен маңызды іс-шара – «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» атты байқаудың екінші кезеңі және «Үздік маманы» байқауы өтті. Игі бастама – мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге, қазақ тіліне деген құрметті күшейтіп, көпұлтты әскери ортада тіл мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Екінші кезеңге «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерден өзге ұлт өкілдері белсенді қатысып, мемлекеттік тілді меңгерудегі қабілеттері мен өзара ынтымақтарын паш етті. Бұл өз кезегінде еліміздегі тіл саясатының жүйелі жүргізіліп жатқанын және көпэтносты қоғамда қазақ тілінің біріктіруші күшке айналып келе жатқанын көрсетті.
Байқау барысында әскери қызметшілер қазақ тілінде көркем сөйлеу, мәнерлеп оқу, эссе жазу және тілдік тапсырмаларды орындау арқылы өз білімдерін сынға салды. Әр қатысушының тілді меңгеру деңгейі, сөйлеу шеберлігі, мазмұн тереңдігі мен шығармашылық қабілеті жан-жақты бағаланды.
Қазылар алқасына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Атабек Салықбаев төрағалық етті. Қазылар құрамына тек әскери сала мамандары ғана емес, сондай-ақ мәдениет және қоғамдық ұйымдардың өкілдері де тартылып, байқаудың әділ әрі мазмұнды өтуіне ықпал етті.
Байқау қорытындысы бойынша: 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, кіші сержант Роллан Бондаренко жеңімпаз атанды. Ол қазақ тілін еркін меңгеріп қана қоймай, ой тереңдігімен, сөз байлығымен және тілдік мәдениетімен ерекше көзге түсті. 2-орынды – 3650 әскери бөлімінің ефрейторы Сеит Пархат жеңіп алды. Оның көркем сөйлеу мәнері мен мазмұндық тұжырымдары әділқазылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. 3-орынға 5514 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мирас Бехтольд пен 5574 әскери бөлімінің аға сержанты Эркинбой Шамуратов лайық деп танылып, бұл орынды өзара бөлісті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы сыйлығы 5547 әскери бөлімінің сержанты Сергей Образцовқа табысталды. Ол қазақ тіліне деген құрметі мен тілдік қабілеті арқылы өз ұлтынан тыс өзге тілге шынайы ілтипатымен үлгі бола білді. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталып, олардың еңбектері лайықты бағасын алды.
Іс-шара Жамбыл облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. “Үздік маман” байқауына келер болсақ, ол – қазақ тілінің кәсіби салада қолданылуын тереңдетуге бағытталған жоба. Бұл байқау – тек бәсеке емес, білім мен біліктің, тәжірибе мен шеберліктің тоғысқан алаңы.
Әскери бөлімдерде қызмет ететін тіл мамандары байқауда өз кәсіби даярлықтарын, әдістемелік шеберліктерін, тіл үйрету тәсілдері мен шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Әскери ортада мемлекеттік тілді насихаттау мен дамыту жолындағы еңбектерін көрсетті.
Сайыстың қорытындысы бойынша 1 орынды – 5571 әскери бөлімінің маманы аға лейтенант Мерей Байсеркеева (Алматы қаласы) иеленді. 2 орын – 3650 әскери бөлімінің маманы сержант Жанна Хусайноваға (Алматы қаласы), 3 орын – 6698 әскери бөлімінің маманы капитан Малика Шынжігітоваға (Шымкент қаласы) бұйырды.
Лейтенант Салтанат ӘЗІМХАН, Тараз қаласы