Бүгінгі күннің қаһармандары – тек майдан даласында емес, бейбіт күнде де қоғам тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген сарбаздар. Солардың қатарында 5573 әскери бөлімінің жауынгерлері бар. Шуақты күнде де, суық кеште де олардың басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін күзету, қоғамдық тәртіпті сақтау. халыққа қолғабыс болу.
Қатардағы Әлішер Қуанышбаев пен Тілек Құсайынұлы - патрульдік-бекеттік қызметте өз міндеттерін адал атқарып жүрген жас сарбаздар.Олар – ішкі тәртіп пен қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етуде алдыңғы шепте жүрген жауынгерлер. Патрульдік бағытқа шықпас бұрын әрбір қимыл мен әрекет нұсқаулыққа сай пысықталып, қауіпсіздік талаптары қайта-қайта ескертіледі. Себебі бұл қызмет – жай ғана сап түзеу емес, ел тыныштығын күзету, азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей жауап беру.
Қатардағы Әлішер Қуанышбаевтың айтуынша, патрульдік қызметке шығу – тек физикалық қана емес, психологиялық дайындықты талап етеді. «Кезекшілік барысында кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Әрбір адам бақылауда, бізге артылған сенім - басты мақсат»,- дейді ол.
Қатардағы Тілек Құсайынұлы да бұл пікірмен келіседі. Ол үшін әскери борыш – тек заңға бағыну емес, азаматтық санаға сай әрекет ету үлгісі. «Біз патрульдік бағытта жүргенде қоғам бізге қарап баға береді. Сондықтан ұқыптылық пен тәртіп - басты ұстанымымыз. Қарапайым халықтың сенімі біз үшін маңызды», - деп сөзін аяқтады кейіпкеріміз.
Олардың айтуынша, патрульдік қызмет барысында тұрғындар тарапынан жылы сөздер мен қолдаулар жиі естиді. Бұл – сарбаздарға шабыт беріп, қызметке деген жауапкершілікті арттырады.
Қарағанды қаласынан шақыртылған қатардағы Евгений Башкирцев кезекті бір қызмет барысында ол ерекше ерлікке барған. Мұз үстінде жүру қауіпті екенін білсе де, көмекке зәру жанды құтқару үшін еш ойланбастан мұзға шықты. Ол сол сәтті былайша еске алады:
«Қыз бала мұз үстінде жалғыз келе жатты. Дауыстап, ысқырып белгі бердік – жауап жоқ. Кенет мұз жарылып, қыз тізесіне дейін батып кетті. Сол мезетте мен ойланбастан көмекке ұмтылдым. Мұз үстімен жақындап, қолынан тартып алып шықтым. Қуанышқа орай , денсаулығына зиян келмеді. Дереу жедел жәрдем шақырылып, алғашқы көмек көрсетілді».
Ол бұл әрекетін ерлік деп санамайды. Бұл – әскери борыштың бір бөлігі. «Әр сарбаз осындай сәтте жедел әрекет етуге дайын болуы керек. Бұл – Ұлттық ұлан жауынгеріне тән қасиет», – дейді ол.
Ұлттық ұлан сарбаздары тек көшеде ғана емес, ауқымды спорттық-мәдени іс-шараларда да қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайды. Футбол матчтары кезінде жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өте жауапты әрі ерекше дайындықты талап ететін міндет. Бұл салада 1-оперативтік бригада, 1-батальон, 1-рота құрамында қызмет ететін қатардағы жауынгер Думан Қайыров өз міндетін абыроймен атқаруда.
«Мұндай көпшілік орындарда жауапкершілік ерекше. Адамдар көп, эмоция басым. Кейбір жанкүйерлер агрессияға бой алдыруы мүмкін. Бірақ біз әрқашан сабырмен, мәдениетті түрде түсіндіруге тырысамыз», – дейді қатардағы Думан Қайыров.
Ол матч басталардан бір сағат бұрын арнайы дайындық пен нұсқаулықтар өтетінін, әртүрлі жағдайларға байланысты жаттығулар жүргізілетінін айтты. Жақында өткен футбол матчына 250 сарбаздың жұмылдырылды. Ол B4 секторының тәртібіне жауапты болған.
«Осындай матчтардың бірінде жанкүйер алаңға жүгіріп шығуғ тырысты. Бірақ біз оны уақытында тоқтаттық. Мұндай жағдайлар жиі бола бермейді, бірақ дайын болуымыз қажет», – деп түйіндеді сарбаз.
Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қызметі – өз өмірін қатерге тігіп, ел тыныштығын күзетумен тең. Күнделікті бейбіт өміріміздің қалыпты ағымында жүріп жатқанын байқай бермейміз. Бірақ дәл осы тәртіп пен тұрақтылықтың артында – сарбаздардың қырағылығы, табандылығы, адалдығы жатыр. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі – ел тұрақтылығының кепілі. Бұл бағытта Ұлттық ұлан сарбаздарының еңбегі өлшеусіз.
Ұландықтардың шынайы қызметін көзбен көріп, әңгімесін тыңдағанда бір нәрсе анық байқалады. Қатардағы жауынгерлердің қызметі – ерлік пен адалдықтың жарқын үлгісі.
Аяулым Окен, ҚазҰУ студенті