Әскердің әл-ауқаты – дәрігерде

4763
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Әдеттегі дәрігер мен әскери дәрігердің бейбіт күндегі қызметі бір сарындас. Алайда, әскери медицина қызметкері – алдымен құрыш білекті, сом жүректі жауынгер. Яғни, кез келген ұрыс жағдайында жауынгерлік қызметтің жоғары шеберлігін танытуы тиіс. Сол үшін де оқу-жаттығу алаңында құралайды көзге атқан мергенге айналып, сондай-ақ  дене даярлығын арттырып, шымыр білекті сыптығыр спортшыдай шынығады. Өйткені, әскери қызметші ұрыс жағдайында абдырап қалмауы тиіс. Ақсөңке сүйекке толы қанмайдан даласын есімізге алып көрсек. Лақылдап төгіле жауған нөсердей бытыра оқтарының арасында бір әскери қызметші ауыр жарақат алып, жерге сұлап түсті. Егер дереу, алғашқы көмек танытпаса, жаралы жауынгер мөлшерден тыс қан жоғалтып, жаны жаһаннамға аттанып кетуі бек мүмкін. Сондықтан, қансыраған жауынгердің қасынан жедел түрде табылу қажет. Өмір мен өлімнің аузында жатқан жауынгерге жету үшін басыңды бәйгеге тігесің. Гиппократ антына берік абзал жан үшін адам өмірін құтқару – қызметіне деген адалдықтың алғышарты. Міне, бұл шақта ақ халаттының жауынгерлік даярлығы сынға түседі. Жыландай жер бауырлап қозғалып, жау нысанынасы ілінбей, төбеңнен зулап өткен оқтардан қалқа болатын қауіпсіз аймақты таңдап әлсіреген жаралы жауынгерге жетумен әскери дәрігердің міндеті аяқталмайды. Әлі тайған жауынгерге алғашқы медициналық көрсетіп, майдан даласынан жеткізу қажет. Міне, оқ пен оттың арасында ота жасап, соңғы демін ашқарақтана жұтқан жауынгерге өмір сыйлаған әскери дәрігерлер Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында да тегеурінді қызмет етіп келеді.     

  

- Әскери медицина – маңызды сала. Тек әскери салада ғана емес, азаматтық өмірде де олардың орны ерекше. Ойлап көріңізші, денсаулығы жоқ, сырқат адам қоғамның толыққанды мүшесі бола алады ма? Әрине, жоқ. Сол секілді денсаулығында ақауы бар әскери қызметші де өзінің қызметтік міндетін толық орындай алмайды. Біздің қызмет түрі азаматтардан барынша мығым, психологиялық та, дене бітімі бойынша да сау болуын талап етеді. Сондықтан, біз әскерге аларда азаматтарды әскери - дәрігерлік комиссиядан тексерістен өткіземіз, - деп әңгімесін бастады әскери дәрігер капитан Арайлым  Рамазанова.

Капитан Арайлым Рамазанованың Ұлттық ұлан сапына қосылғанына биыл жеті жыл. Ақ халатты дәрігер болуды балаң шағынан ақ адал арманымен ұштастырған жас түлек мектеп қабырғасын  үздік аяқтағаннан кейін Семей қаласындағы медициналық университетінде білім алады. Өз еліміздің түкпір-түкпірінен білім қуып келетін талапкерлер  тұрмақ, үнді, пәкістан елінің азаматтары алты қырды асып,  аса құлшыныспен  тарихы терең оқу ордасына ағылатұғын. Өйткені, тағылымы  мол киелі қасиетті шаңырақ қаншама өз ісінің үздігіне айналған дәрігерлерді түлеткен. Арайлым Бақтығалиқызы да Азияға есімі мәшһүр оқу ордасында Гиппократ антын қабылдап, дәрігерлік әлемге деген тырнақалды өз ізін аталмыш білім мекемесінде салып, бастайды. Медициналық білім ордасын  сәтті аяқтаған ол Семей қаласындағы №3 емханада жұмысын дәрігер невропатолог болса, одан кейін аталмыш шаһардағы оңалту орталығында дәрігер терапевт болып қызмет атқарады. Қазіргі таңда оң солын таныған тәжірибелі дәрігер - Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты медицина басқармасының медицина қызметінің сапасын бақылау жөніндегі офицер. Бұрын соңды табаны тимеген қалада табанды қызмет атқарып, денсаулық сақтау саласында маңдайалды маманға айналған әскери дәрігер өңірлік қолбасшылықтағы медицина басқармасына тоқталды.

- «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты медициналық басқармада отыз дәрігер, жетпіс жеті орташа медициналық қызметкер бар. Сонымен қатар алты медициналық пункті мен бір лазарет орналасқан. Әскери денсаулық нысаны сондай-ақ 7 санитарлық автокөлікпен  қамтасыз етілген. Басқарма мамандары алғашқы медициналық көмекпен шектеліп қалмай, ұландықтарға амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық  көрсетеді. Биохимиялық, клиникалық анализаторлар мен центрифуга тәрізді медициналық құрылғылары әскери қызметшілердің денсаулығын нығайтуда қарыштап үлес қосуда.

Сонымен қатар штаттын тыс әскери-дәрігерлік комиссия қызмет атқарады. Әскери комиссия ұландықтардың денсаулығын қырағы бақылауда ұстайды. Сонымен қатар, әскери қызметшілердің келісімшартын ұзартқан уақытта, Ұлттық ұлан академиясына түсу барысында, қызметке қабылдау, сонымен қатар офицер лауазымына тағайындалған тұстар  әскери-дәрігерлік комиссияның елегінен өтпей қоймайды. Жалпы, әскери ақ халаттылардың атқарар қызметі ұшан-теңіз. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мамыражай бейбіт өмірде, соғыс уақытында, елге қауіп төніп төтенше жағдай туындаған жағдайда, біріншіден әскери адам ретінде иығына қару асынып, өзін, қасындағы жауынгерді және науқастарды жау оғынан қорғай жүріп, басын қатерге, кеудесін оққа тосады. Қолына, дәрігерлік сөмкесін алып, дереу жетіп, сарбаздардың  қасында бірінші болып табылатын, жарақатқа көмек беретін маман. Жалпы, әскери дәрігер статусы сонау ақ сөңке сүйектерге толы қан майдан даласынан бастау алады. Бұл дәстүр сонау сақ, ғұн, қаңлы, үйсін секілді көне түркі тайпаларынан бастау алған. Жауынгерлердің жарасын емдеп, таңатын емшілер сол заманда «жарықшы», «қарықшы», «таңғышы» деп аталғаны тарихи деректерден белгілі. XV ғасырда өмір сүрген Әз-Жәнібек ханның бас дәрігері, ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы жазған «Шипагерлік баян» атты еңбегі – әскери медицинаның алғашқы үлкен жинағы, бағалы мұрасы болып саналады. Олар – бейбіт күнде де, соғыс жағдайында да, елге қауіп төнген төтенше сәттерде де, алдымен әскери маман ретінде қару асынып, өз өмірін қатерге тіге отырып, жанындағы сарбазды, жаралы жауынгерлерді қорғап, оқтың өтінде жүретін ерлер. Сонымен қатар олар – қолына дәрігерлік құрал-сайманын алып, алғашқы көмек көрсетуге ең бірінші жететін, жаралы жауынгерлердің жанынан табылатын медицина қызметкерлері. Бүгінгі әскери медицина саласы халқымыздың байырғы шипагерлік дәстүрімен, яғни қазақ емшілігімен тығыз байланысты. Әлемдік медицина тарихында денсаулықты сақтау туралы алғашқы деректер Шығыс, Мысыр, Қытай, Грек, Тибет мәдениеттерінде – Гиппократ, Аристотель, Ибн Сина, әл-Фараби, Корнелий Цельс сынды ойшыл-ғалымдардың еңбектерінде кеңінен кездеседі.

- «ДамуМед» ақпараттық жүйесінің ұландықтардың денсаулығын қадағалаудағы  тиімділігі қаншалықты?  

-  Ұландықтардың  жауынгерлік  қабілеттіліктерін арттыру  үшін әскери  қызметшілердің, яғни офицерлер, сержанттардың, мерзімді әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау қажет. Бұл  тарапта қазіргі таңда, заман талабына сай «ДамуМед» медициналық ақпараттық жүйесі тығыз жұмыс атқарады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында барлық емханалар мен ауруханалар толығымен қағазсыз медициналық жазбаға көшті. Денсаулық сақтау жүйесінің терезесін тепе-тең етіп, олардың өзара әрекеттесуі барысында мерзімді әскери қызметшілердің әскерге дейінгі денсаулық жағдайынан мол мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, сарбаздардың балаң шағынан бастап, қандай дертке шалдыққандарын, жергілікті дәрігерлерге қаншалықты жүгінгендерін, қандай күрделі оталар жасағандары жайынан хабардар болуға цифрлық медициналық ақпараттық жүйенің септігі мол.

- Сүбелі сұхбатыңызға, рақмет. 

Лейтенант Рүстем Мұхамет-Рақым,

Өскемен қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -