Жаңа брендтер қазақстандық нарыққа қалай шыға алады?
Форум аясында өткен «Retail Access 2025: Аймақтық деңгейден көшбасшыға айналу» сессиясында спикерлер жаңа отандық брендтердің ірі сауда желілеріне қалай еніп, талаптарға сай жұмыс істеу керектігін, сондай-ақ сауда сөрелерінде орнығып, өңірлік немесе халықаралық деңгейге қалай шығуға болатынын талқылады.
«Спортмастер Қазақстан» желісінің тауар санаттарын басқару бөлімінің бастығы Дияр Сарсенов тұтынушының сұранысына сай жұмыс істеудің маңызын атап өтті:
«Біздің міндетіміз - клиенттің нақты сұраныстарын анықтап, баға ғана емес, сапа, функционалдылық және стиль бойынша шешімдер ұсыну. Біз үш қағиданы ұстанамыз: технологиялылық, инновациялық шешімдер және функционалдылық. Ассортиментті спорт түріне, маусымға және тұтынушының дайындық деңгейіне қарай іріктейміз. Сонымен қатар, түпнұсқалық та маңызды - бұл жерде брендке деген сенім, сертификатталған өнім мен сенімді жеткізушілер үлкен рөл атқарады».
Parfum De Vie компаниясының бас директоры және бірлесіп негізін қалаушысы Нұрсұлтан Мұратбеков жас кәсіпкерлерге күнделікті нарықты зерттеп, өзгерістен қорықпауға кеңес берді: «Нарықты күн сайын бақылап, бәсекелестерге үнемі талдау жүргізіп отыру қажет. Ең бастысы - өзгеруден қорықпау».
Бүгінде отандық қазақ парфюмериясы Қытай мен Ресейде сатылуда, ал жуырда Parfum De Vie өнімдері Duty Free сөрелерінде пайда болды.
«Туристер Made in Kazakhstan деген белгімен шығарылған өнімдерді іздейді. Олар мұндай тауарларды дос-жарандарына, әріптестеріне сыйлық ретінде алып кетеді», - деді Нұрсұлтан Мұратбеков.
«Shin-line Group» компаниясының вице-президенті Дамир Дигай компанияның 10 елге өнім экспорттап отырғанын айтты. Қазіргі уақытта компания Сауд Арабиясы нарығына шығу үстінде.
«Сауд Арабиясының орау мен марткетингке қатысты өзіндік талаптары бар. Біз осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді Дамир Дигай.
Сонымен қатар, компания Қазақстанда Оңтүстік Кореялық CU дүкендер желісін дамытуда.
«Біз франшизаны Оңтүстік Кореядан алдық. Кореяда 18 мың дүкен бар. CU - бұл жай ғана дүкен емес, бұл дүкен-кафе. Мұнда рамен сатып алып, сол жерде дайындап жеуге болады. Алматыда бір жылда 35 дүкен аштық», - деп бөлісті компания өкілі.
Кимберли-Кларк Қазақстан сату бөлімінің жетекшісі Илья Видяев соңғы 2-3 жылда Қазақстанға 200-ден астам жаңа бренд кіргенін, бірақ аз бөлігі ғана нарықта орныға алғанын атап өтті. Бұл жерде әлеуметтік желілердегі жарнама шешуші рөл атқарады.
«Бұрын теріс пікірлер дүкенде айтылатын болса, қазір олар әлеуметтік желілерде жазылады. Тұтынушы қазір жай ғана лайк басады немесе пікір жазады - бұл да өте маңызды көрсеткіш», - деді Илья Видяев.
Evrika Retail Group өкілі Дулат Меірбаев қазіргі брендтердің табысты болуы үшін тек үздік локациялар емес, онлайн сатылым да маңызды екенін айтты:
«2014 жылы дүкендер желісін кеңейтеміз дегенде жақсы орындардың бәрін бәсекелестер, үлкен брендтер алып қойғанын көрдік. Қазір шетелдік өндірушілер өз сайттары немесе серіктестер арқылы Қазақстанда тікелей сатады. Онлайн мен офлайн сауда нарығы араласып кетті», - деді Дулат Меірбаев.
Сөз соңында, ол тұтынушылардың тек бағаға қарап, сапаны ескерусіз қалдыратынын да айтып өтті.
«Маркетплейс арқылы сатып алу оңай. Бірақ біз тауар сапасына кепілдік береміз, өйткені өндірушімен тікелей жұмыс істейміз», - деді Дулат Меірбаев.