Неліктен фулфилмент Қазақстандағы маркетплейстер үшін негізгі факторға айналды?

3289
Фотосурет: Astana International Trade Forum

Логистика және фулфилмент Қазақстандағы онлайн сатылымның өсуінің негізгі драйверіне айналуда

Astana International Trade Forum аясында өткен «Алдын ала дайын инфрақұрылым: жедел шешімдер дәуіріндегі логистика және фулфилмент» сессиясында сарапшылар электрондық сауда қарқыны мен «1 сағат ішінде жеткізу» талаптары жағдайында логистикалық тізбектер қалай өзгеріп жатқанын, компаниялар сұраныстың өсуіне қалай алдын ала дайындалу керектігін және клиенттік тәжірибені қалай күшейтуге болатынын талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Qazpost - YTO Еxpress бас директоры Ху Жуйци Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы трансшекаралық сауданың жыл сайынғы өсімі 30%-ды құрайтынын айтты.

«Қытайдың трансшекаралық электронды саудасының экспорты қарқынды өсіп келеді, бұл өз кезегінде трансшекаралық логистиканың да жедел дамуына ықпал етті. Алайда бұл саладағы тәжірибе жетіспеушілігі қайталама сатып алуға кедергі келтіріп отыр. Сәлемдемелер бойынша ақпараттың ашық болмауы, тауарды қайтару мен айырбастау шығындарының жоғары болуы, жеткізу мерзімінің тұрақсыздығы - мұның бәрі трансшекаралық логистика сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Ху Жуйци.

Спикердің айтуынша, бұл түйткілдерді шешу үшін елдер арасында трансшекаралық магистральдық ресурстарды бірлесе үйлестіру қажет. Әсіресе, әуе, теңіз және құрлық көліктерін біріктіріп пайдалану арқылы тасымал шығындарын азайту маңызды.

Сонымен қатар, халықаралық электрондық сауда саласын жақсарту үшін коммерциялық сәлемдемелер алмасу тетіктерін жетілдіру керек. Оған қоса, қоймалар мен тарату орталықтарын біріге пайдалану қажет. Сонымен қатар, «соңғы миля» жеткізілімін тиімді ету үшін жеткізу пункттерінің желісін құру ұсынылып, кедендік рәсімдерді ашық ету және цифрландыру арқылы клиентке қызмет көрсету сапасын  арттыру қажеттілігі де айтылды. 

IBC GLOBAL компаниясының Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Роман Пак аймақтағы қойма мүлігі нарығының дамуы туралы баяндап берді.

«2024 жылы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінде А және В класты қоймалардың жиынтық көлемі алғаш рет 2 миллион шаршы метрден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда  23 %- ға көп. Дегенмен, консалтингтік компаниялардың бағалауынша, аймақта заманауи қоймалардың тапшылығы әлі де шамамен 2 миллион шаршы метрді құрап отыр», - делінген IBC GLOBAL өкілдігінің презентациясында.

Қазақстанның өңірлерінде В класты қоймалар басым. Олар негізінен өндірістік кәсіпорындардың ішкі логистикалық қажеттіліктері мен аймақтық жеткізу тізбектерін қамтуға бағытталған.

Қоймаларды жаңғыртуға қызығушылық та артып келеді. Атап айтқанда, автоматтандыру, температуралық бақылау және кеңістікті көпфункциялы ету бағытында даму байқалады.

Форумның келесі қатысушысы - «GxP Training» ЖШС директоры Манат Өмірзақов Қазақстандағы дәрілік заттардың онлайн сатылымының өскенін атап өтті. Оның айтуынша, «Қазпошта» ауылдық аймақтарға дәрі-дәрмектерді жеткізуді қолға алмақ.

«Қазпошта дәрі-дәрмектерді жеткізуге уәкілетті болады. Бірақ дәрілік зат пен сувенир арасында үлкен айырмашылық бар. Дәрі - бұл адамның денсаулығына пайда немесе зиян келтіруі мүмкін өнім. Сондықтан сақтау, тасымалдау талаптары мен фармтәртібін сақтау өте маңызды. фармацевтикалық өнімдерге арнайы сақтау және жеткізу шарттары қажет. Осы мақсатта кадрларды оқытып, қоймаларды жабдықтап, қажетті құрал-жабдықтар сатып алу қажет», - деді ол.

TEEZ компаниясының қойма логистикасы басқармасы басшысы Антон Иванов маркетплейстің өңірлердегі дамуы туралы айтып берді:

«Қазақстандағы E-commerce нарығының 80%-ы Алматы мен Астанаға тиесілі. Ал өңір тұрғындары өздерін шетте қалғандай сезінеді. Алматы мен Астанада адамдар үш сағаттық жеткізілімге үйреніп кеткен, ал өңір тұрғындарына бір күн ішінде тауар алудың өзі оңай емес. Бірнеше ай бұрын біз Павлодар қаласында жарнамаға ден қойдық, соның нәтижесінде қала тапсырыс саны бойынша ішкі рейтингімізде алғашқы үштікке енді», - деп бөлісті TEEZ өкілі.

MOVATO LLP Kazakhstan директоры Мирас Құсанов компанияның АҚШ, Ұлыбритания және Қытайдан Қазақстанға тапсырыстарды жеткізуді қалай жолға қойғанын айтып берді:

«Біздің басты мақсатымыз - клиенттерге шетелдік онлайн платформалардан сатып алынған тауарларды ыңғайлы, қауіпсіз және қолжетімді жолмен жеткізу. Біз логистика мен кедендік рәсімдеу сұрақтарын толық өз мойнымызға аламыз, мұның нәтижесінде клиенттер тауарларын жылдам әрі еш қиындықсыз алады. Сонымен қатар, шетелдік платформалардан тауар сатып алуға да көмектесеміз», - деді Мирас Құсанов.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -