Рух пен мейірімді ұштастырған жан

3135
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Әр адамның жүрегінде бала күнінен қалыптасатын арманы болады. Бірі ұшқыш болуды, бірі қолына қару ұстап ел қорғауды көздесе, енді бірі ұстаз болуды армандайды. Дегенмен  кейбірінің арман жолы ақ халатты киіп, адам өміріне араша түсуді қалап тұрады.  Дәрігер мамандығына оқуға түсіп, сәтті тәмамдау оңай емес екені көпке мәлім. Бүгінде бізде бала кезінен ақ халат кию мен  Отанын қорғауды қатар армандаған әскери қызметшімен сұхбаттастық. Бала арманын шындыққа айналдырып, бүгінде әскери медицинаның алдыңғы шебінде қызмет етіп жүрген лейтенант Зульфия Жетпісбаеваның  өмір жолы — көпке үлгі.

Ол бала кезінен адамдарға көмектесуді, ауырған жанға демеу болуды мақсат тұтты. Ақ халат киген дәрігерлерге қарап, бой түзеуді қалады. Уақыт өте келе бұл арман оның өмірлік мақсатына айналды. Қиын да жауапты мамандықты таңдай отырып, ол жай ғана дәрігер атануды емес, әскери салада қызмет етуді қалады. Себебі елдің сенімін ақтау, Отан алдындағы борышты өтеу — оның бойына сіңірілген қасиет еді.

- Ақ халат киіп, әскери салада қызмет атқару әрбір адамның қолынан келе бермейтін дүние. Ал сіз бұл істің майталманы болып жүрсіз. Ал ендеше өзіңіз және отбасыңыз туралы айта кетсеңіз...

-Мен Қарағанды облысының Осакаровка ауданындағы Садовое ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым — ата-анамның, әпке-қарындастарым мен інімнің, әжем мен дос-
тарымның ортасында бақыт пен шаттыққа толы өтті. Үлкен, көпбалалы отбасының мүшесі болу -  мен үшін Алланың берген ең үлкен сыйы дер едім. Ата-анам -  мейірімі мен махаббаты мол жандар. Олар бізді ешкімнен кем қылмай өсірді, тәрбиеледі. Менің өмірдегі ең үлкен байлығым, бауырларым — еңбекқор, тәрбиелі, ақылды.

- Иә, әрине әрбір адам үшін отбасы ол үлкен байлық. Ал көпбалалы отбасында өсіп, бауырлардың жылуын сезіну -  бұл бір бақыт қой шіркін!

- Балалық шағыңыз қызық пен шаттыққа толы болыпты. Ал сол сәтте кім болғыңыз келді? Сол арманыңыз орындалды ма?

- Бала күнімнен дәрігер болуды армандадым. Ол арманым анам әкеліп берген медициналық ойыншықтар мен энциклопедиялардан басталды. Үйде әпкелеріммен ойнағанда мен әрдайым дәрігердің рөлінде болып, оларды емдейтінмін. Бұл қызығушылық мені мектеп қабыр-
ғасында одан әрі жігерлендірді. Сүйікті пәнім — алгебра болса да, жүрегім әрқашан медицинаға жақын болатын.

Өз ауылымдағы №16 орта мектепте оқыдым. Сол 11 жыл — өмірімдегі ұмытылмас кезең. Сыныптастарыммен өте жақын, жылы қарым-қатынас-
та болдық. Сол мектептен алған білім мен рухани тәрбие мені алға жетеледі. Армандаған мамандығыма қадам басу үшін Астана медициналық университетіне оқуға түстім.

- Баланың қиялынан туындаған армандар адамды алға жетелейтіні рас екен. Осы орайда сізде арманның артынан еріп, өзіңіз мақсат еткен оқу орныңызға түсіпсіз. Сол студенттік шақтарыңыз туралы айта кетсеңіз...

- Студенттік шағым да ерекше есте қалды. Достарым мен құрбыларымның көбін сол жылдары кездестірдім. Алайда медицина университетінде оқу оңай емес. Себебі бұл мамандық үлкен жауапкершілік жүктейді. Болашақ дәрігер тек білім алып қана қоймай, адам өміріне жауап беретін тұлға ретінде қалыптасуы керек. Медицина университетінде үздіксіз ізденіс пен тынбай еңбектену маған көп білім берді. Қазір сол уақыттағы алған білімнің арқасында адам өміріне жауапты салада қызмет атқарып жүрмін.

- Медицина саласында, шынымен, қызығы мен қиындығы бірдей жүреді. Ал сіз сол саланың ішінен әскери медицинаға қалай тап болдыңыз?

- Медицина саласында жүріп, әскери медицинаны таңдауыма себеп — арнайы хабарландыру болды. Мен бұл шешімді көп ойланбастан қабылдадым, өйткені бұл мен үшін қызықты болды. Ал мен жауапкершіліктен ешқашан қашпаймын. Әскери дәрігер — сарбаздың денсаулығы мен жауынгерлік әлеуетін қадағалаушы, алғашқы көмек көрсетудің шебері, санитарлық қауіпсіздікке жауапты тұлға. Жарақат пен жараларда жедел көмек көрсету — күнделікті жұмыстың бір бөлігі. Әскери қызмет күн сайын түрлі оқиғаларға толы. Бұл сала маған тәртіп, стратегиялық ойлау, командамен жұмыс істеудің маңыздылығын үйретті. Жай күндері де, төтенше жағдайларда да бірлік пен ұйымшылдықтың құндылығын түсінуге мүмкіндік берді.

- Енді әскери саланың сіздің жеке өміріңізге қалай әсер еткені туралы айта кетсеңіз...

- Мен әлі тұрмыс құрмағанмын, сондықтан әскери қызметтің отбасылық өмірге қалай әсер ететінін толық айта алмаймын. Бірақ рас, бұл қызметте отбасымды жиі көре бермеймін. Дегенмен, мен қызметім арқылы өмірге тереңірек қарап, болашақ туралы көбірек ойлануға дағдыландым. Тек жетістік пен жеңіс емес, тәуекел мен жауапкершілікті де ескеру керек екенін түсіндім. Әскери медицинадағы ең басты құндылықтар — адам денсаулығына қамқорлық, оның қадір-қасиетін құрметтеу және кәсіби этиканы сақтау. Бұл қағидалар — сапалы медициналық көмек пен дәрігер мен науқас арасындағы сенімді қарым-қатынастың негізі.

- Иә, дұрыс айтасыз. Бұл саланың адам баласына берер пайдасы көп. Ал сіз, артыңыздан ерген болашақ әскери медицина қызметкерлеріне не айта аласыз?

- Бұл жолды таңдаған жастарға айтарым — күйзеліске төзімді болыңыз
дар, шұғыл әрі дұрыс шешім қабылдауды үйреніңіздер, командада жұмыс істей біліңіздер. Себебі әскери медицина — бұл жай ғана мамандық емес, бұл — өмірлік миссия.

- Керемет! Сіздің айтқан әрбір ақылыңызды болашақ әскери медицина қызметкерлері қабыл алады деп ойлаймын. Сұхбат үшін алғысымды білдіремін!

Міне, лейтенант Зульфия Нұрмұханқызы - бала арманының жетегінде жүріп, үлкен мақсаттарға жеткен жас маман. Ол кез келген арманына ұмтылған жанға үлгі бола алады. Арманға сену, сол жолда табандылықпен еңбек ету — жетістікке апарар сенімді жол екенін дәлелдеген кейіпкеріміздің өмірі — жастарға жігер, үлкендерге мақтаныш. Ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі - бұл өз өмірін өзгенің денсаулығына арнаған жандардың еңбегін мойындау күні. Бұл күні біз олардың кәсіби шеберлігі мен жанкештілігіне бас иеміз.

Лейтенант Бақдаулет Манарбек

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -