Астана қаласына жақын орналасқан Мичурино шағын ауданында әскери-патриоттық «Батырлар» орталығы базасында құрылған жазғы «ALASH CAMP» лагерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға Ұлттық ұланның «Жас Бүркіт» клубы тәрбиеленушілері, күштік құрылымдардың әскери қызметшілері мен құрметті қонақтар қатысты.
Ұлттық ұланның әскери қызметшілері көрермендерге арналған мазмұнды мәдени-әскери бағдарлама ұсынды. Ән-би ансамблінің солистері отансүйгіштік рухтағы әндерді шырқап, кештің шырайын аша түсті. Үлгілі-көрсетімді оркестрдің орындауындағы ерлік пен жеңісті ұлықтайтын музыкалық шығармалар көпшіліктің көңілінен шықты. Ал Құрмет қарауылы ротасының саптық дефилесі — олардың кәсіби даярлығының, бірізді қозғалысы мен темірдей тәртібінің жарқын үлгісіне айналды.
Салтанатты ашылу рәсімінің құрметті қонағы ретінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов қатысты.
Іс-шараға қатысушылар өз сөздерінде өскелең ұрпаққа елге деген сүйіспеншілік, әскери борышқа құрмет және Отан алдындағы жауапкершілік сезімін дарытудың маңыздылығын атап өтті.
«ALASH CAMP» лагері — 12 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған 10 күндік ерекше жоба. Оның басты мақсаты — жас ұрпақтың көшбасшылық қабілеттерін дамытып, физикалық және зияткерлік әлеуетін арттырумен қатар, патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Қатысушылар взводтық шатырларда тұрып, бес мезгіл тамақпен және қажетті киім-кешекпен толық қамтамасыз етіледі.
Лагерь бағдарламасы теориялық және практикалық сабақтарға толы. Балалар тактикалық медицина, дрондарды басқару негіздері, жергілікті жерде бағдарлау, нысана көздеу, шахмат турнирлері мен жекпе-жек жаттығулары бойынша білім алады. Сондай-ақ, шайқаста ерлікпен қаза тапқан әйелдерге арналған естелік кабинеті мен әскери тарих пен дәстүрмен таныстыратын «Сарбаз» сыныбы ерекше орын алады.
Бұдан бөлек, лагерьде киберспорт кабинеті, қару-жарақ бөлмесі мен заманауи мультимедиялық сыныптар жұмыс істейді. Мұның бәрі — жастарды заманауи түрде тәрбиелеуге бағытталған тиімді құрал.
«Батырлар» әскери-патриоттық орталығы Ұлттық ұланның тікелей қолдауымен жұмыс істейді. Ұландықтардың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «ALASH CAMP» секілді жобалар жас буынға әскери-патриоттық тәрбие берудің, азаматтық жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырудың негізгі алаңына айналуда.