Қазақстан алғаш рет отырып ойнайтын волейболдан Азия чемпионы атанды

2255
Фотосурет: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Қытайдың Ханчжоу қаласында волейболды отырып ойнаудан өткен Азия чемпионатының финалында Қазақстан ұлттық құрамасы Қытай командасын 3:2 есебімен (22:25, 19:25, 25:19, 25:20, 8:5) жеңіп, өз тарихында алғаш рет Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жарыс барысында Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде Сауд Арабиясы, Жапония және Аустралия командаларын, ал жартылай финалда Таиланд құрамасын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді.

Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші орынды Қазақстан, екінші орынды Қытай және үшінші орынды Таиланд құрамасы иеленді.

Сондай-ақ чемпионат барысында жоғары шеберлік көрсеткен ұлттық құраманың бірнеше ойыншысы жеке марапаттарға ие болды. Эрик Каскабаев – үздік доп беруші, Шыңғыс Медеуов – үздік либеро, ал Алмат Оспанов – үздік блок қоюшы атанды.

Аталған нәтиже бойынша Қазақстан және Қытай құрамалары 2026 жылы Қытайда өтетін әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды.

Айта кетейік, волейболды отырып ойнаудан Азия чемпионаты 6–15 маусым аралығында өтті. Жарысқа 8 ерлер және 7 әйелдер ұлттық командасы қатысты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -