Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова мен Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов Біріккен Араб Әмірліктерінің ең ірі банкі Ғirst Abu Dhabi Bank (FAB) делегациясымен бірлескен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
First Abu Dhabi Bank 2017 жылы National Bank of Abu Dhabi мен First Gulf Bank-ті біріктіру жолымен құрылды. Бүгінгі таңда банктің жалпы активтері 356 млрд долларды құрайды және рейтингі «АА-». Банктің нарықтық капитализациясы 34,7 млрд долларды құрайды.
Банк бүкіл әлем бойынша клиенттерге жеке шешімдер ұсына отырып, корпоративтік, инвестициялық және бөлшек банкинг қызметтерінің кең ауқымын ұсынады.
Тараптар инвестициялық әріптестікті кеңейту, сондай-ақ исламдық қаржыландыруды дамыту жөніндегі өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қаржы секторын дамыту перспективаларын кеңейту мақсатында ынтымақтастықты одан әрі нығайту туралы уағдаласты.