Қазақстандық кинонарық венчурлік деңгейге көтерілуде

1309
Фотосурет: jakubgojda/Canva

Dasco Capital Ltd. компаниясы Frame Capital Ltd. компаниясымен Tolqyn Film Fund OEIC Ltd. жобасына инвестиция тарту жөнінде келісімге қол қойды. Tolqyn – Қазақстандағы алғашқы жекеменшік венчурлік кино қоры. Келісім шарттарына сәйкес, Frame Capital өз қаражатын Dasco Capital басқаруындағы Tolqyn қорына инвестициялайды, деп хабарлайды DKnews.kz.

«Біз қазақстандық киноиндустрияның болашағына сенетін институционалдық және жаңа инвесторлардың келуін құптаймыз. Біздің серіктесіміз – кино таратылымы нарығында танымал, тәжірибелі менеджменті бар ұйым. Оның инвестициялық көзқарасы айқын, мақсаттары биік. Біз ортақ құндылықтарды бөлісеміз және ынтымақтастығымыздың болашағына сеніммен қараймыз» Dasco Capital компаниясының бас директоры Дәрмен Сәдуақасов

Айта кету керек, Frame Capital – «смарт-инвестор» мәртебесіне ие. Онымен серіктестік мультипликативті нәтиже беруге қауқарлы. Оның негізгі серіктестерінің бірі – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ аймағындағы жетекші кинодистрибьютор саналатын «Ascar Cinema» компаниясы. Бұл компания – медиа, ойын-сауық және бөлшек сауда салаларында 30 жылдан астам тәжірибесі бар «Меломан» холдингінің кино департаментінің құқықтық мұрагері. Бүгінде «Ascar Cinema» – Walt Disney Studios пен Sony Pictures Entertainment студияларының өңірдегі эксклюзивті өкілі. Ірі студиялармен әріптестіктің арқасында ол халықаралық фильмдердің жергілікті прокатқа шығуын қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ фильмдер мен жергілікті брендтер арасындағы коллаборацияларды іске асыра отырып, маркетингтік бағытты да белсенді дамытып отыр. Осындай стратегиялық серіктестің болуы Қор жобаларының табысты жүзеге асуына және оның нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Толықметражды көркем фильмдер мен жоғары коммерциялық әлеуеті бар анимацияларға инвестиция салу үшін құрылған Tolqyn Film Fund қазіргі таңда қалыптасу кезеңінде. Қор кәсіби инвесторлармен пай иесі ретінде қатысу мүмкіндігін талқылап жатыр.

Инвестициялық кезеңнің басталуы маусым айының екінші жартысына жоспарланған. МФЦА алаңында тіркелген Қор 2,5 жыл ішінде 15–20 кино жобадан тұратын портфельге инвестиция салуды көздеп отыр. Оның 30%-ы шетелдік копродукцияларға бөлінеді. Қор табысты прокат, дистрибуция және басқа да көздер арқылы пайда табуды мақсат етеді.

Фильмдерді іріктеу үш кезеңнен тұрады: Қор командасының алдын ала өтінімдерді талдауы мен шорт-лист құруы, тәуелсіз Advisory Board (Кеңесші кеңесі) тарапынан қаралуы және Инвестициялық комитеттің соңғы шешім қабылдауы. Мұндай көпсатылы модель нәтижелердің сапасын арттырып, тәуекелдерді азайтады.

Алматыда белгілі кәсіпкер әрі қоғам қайраткері Арманжан Байтасовтың төрағалығымен алғашқы Advisory Board отырысы өтті. Кеңеске венчурлік инвестор Әділ Нұрғожин, қаржылық аналитик әрі тәуекел-менеджер Елдар Жаймин, режиссер, сценарист және продюсер Ольга Володина, кинокритик Рамазан-Мәлік Елеусіз секілді танымал мамандар қатысты.

Advisory Board мүшелері тәжірибелі командалар ұсынған сегіз киножобаны мұқият қарастырды. Презентацияларға көрермендердің көңілінен шыққан фильмдердің жалғасы және жаңа жобалар, соның ішінде анимациялық және халықаралық фильмдер де енді. Әрбір үміткердің жобасы коммерциялық және көркемдік әлеуеті бойынша бағаланды. Іріктелген фильмдер Инвестициялық комитетке финалдық шешім қабылдау үшін ұсынылды.

Қордың Инвестициялық комитетінің құрамында Dasco Capital компаниясының бас директоры Дәрмен Сәдуақасов (төраға), қаржы директоры Айдар Арифханов және Tolqyn Film Fund бас директоры Эрнар Құрмашев бар.

Қазіргі уақытта Қор питчингтер үшін жаңа ашық киножобаларды қабылдауды жүзеге асырып жатыр. Барлық шарттар Tolqyn-ның Instagram (@tolqynfilmfund) мен Telegram (Tolqyn Creative) парақшаларында, сондай-ақ dasco.kz сайтында жарияланған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -