Өскеменде әскери қызметшілер соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Шығыс Қазақстан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагері, Құрмет орденінің иегері, отставкадағы полковник Құрмат Рақымовты 101 жасқа толған туған күнімен құттықтады.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті тәрбие және идеологиялық жұмыс басқармасының ардагерлермен жұмыс жөніндегі қызмет бастығы майор Әсет Адамбаев әскери қызметшілер ғасырдан асқан қарияны құттықтау мүмкіндігін иеленгенін мақтан тұтатынын атап өтті.
– Бүкіл жеке құрам үшін бұл шынайы батылдық пен табандылық көрсеткен ардагермен ерекше кездесу болды. Біз үшін бұл қалыптасқан дәстүр емес, бұл аға буынның ерлігін туралы жадымызда сақтау, – деді А. Адамбаев.
Құрмат Рақымов 1924 жылы Күршім ауданында дүниеге келген. Ақсақал – тарихтың тірі куәгері. Ол 1930-1933 жылдардағы ашаршылықты көрген. Ұлы Отан соғысы майдандарында соғысқан. Кеңес Одағы ыдыраған соң тәуелсіз Қазақстанды құруға қатысқан. Құрмат Рақымов майданға 17 жасында аттанды. Белоруссуя, Литва, Польшаны жаудан азат етуге қатысты. Жеңісті Берлинде қарсы алды. Соғыстан кейін Құрмат Рақымов Каменец-Подольск шекара мектебін бітіріп, сегіз жыл шекарада қызмет етті. Әскерден кейін партия органдарында еңбек етті. 1965 жылы Құрмат Рақымов полиция қызметіне кірді. Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Ол 1981 жылы зейнетке шықты. Құрмат Рақымов ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет» ордендерімен, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» және т. б. медальдармен марапатталған.
Құрмат Рақымовтың ұзақ өмір сүруге арналған рецепті қарапайым: еңбек, қозғалыс және қарым-қатынас. Ардагер Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы. Биыл ол Астанадағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерейтойлық шеруге қатысты.