Қазақстан аумағында үйірлі шегірткелерге қарсы күрес шаралары жалғасуда. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы алқаптарының 2 млн. гектары өңделді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Зиянкестермен күрес шараларына 443 арнайы бүріккіш техника, соның ішінде 49 дрон жұмылдырылды. Зерттеу жұмыстарын 3,5 мыңнан астам адам жүргізуде.
Жергілікті жерлердегі жұмысты облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар үйлестіруде.
Шегірткелерге қатысты жағдай шекара маңындағы аумақтарда бақылауда тұр.
Атап айтқанда, 2–6 маусым аралығында Қазақстан мен Қырғызстанның шекара маңы аумақтарында бірлескен зерттеулер жүргізілді. Ал 9–13 маусым аралығында Қытай Халық Республикасының мамандарымен бірлескен зерттеулер өтті. Қазіргі таңда Қырғызстан мен Қытай тарапынан шегірткелердің ұшып келуі мен көшу қаупі жоқ.
Ресей Федерациясымен және Өзбекстан Республикасымен шекаралас аумақтар да тұрақты бақылауда тұр, шегірткелердің таралу ошақтары анықталған жоқ.
Шегірткелерді бақылау және оларға қарсы күрес шаралары жоспарлы түрде жалғасуда.