Атырау облысында отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары

1342
Фотосурет: Gov

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Атырау облысына жұмыс сапары аясында облыс халқымен және қоғамдастықпен кездесу өткізді. Ол жиналғандарды Мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларының орындалу барысы және қазақстандықтарды әлеуметтік қолдауды күшейту шаралары туралы хабардар етті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Іс-шараға ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов, облыстық басқарма мен аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, көп балалы аналар, мүгедектігі бар адамдар және өңірдің басқа да белсенді тұрғындары қатысты. Қатысушылардың жалпы саны 40-тан астам адамды құрады.

Кездесуде сөз бастаған Асқар Биахметов Еңбек министрлігі жұмысының негiзгi бағыттары жане азаматтардың әртүрлi санаттарын қолдау бойынша қабылдап жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлi айтып бердi.

Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында 2023 жылдан бастап базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жүргізілуде. 2025 жылы оның ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70%-ға, ал ең жоғары мөлшері 110%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ 2023 жылы ынтымақты зейнетақыны есептеу кезінде ескерілетін ең жоғары табыс 46 ең төменгі есептік көрсеткіштен 55-ке дейін ұлғайтылды. Жалпы, 2024 жылы елімізде зейнетақы төлемдеріне 3 триллион 752 миллиард теңге бөлінсе, оның 98,1 миллиард теңгеге жуығы Атырау облысына тиесілі.

Вице-министр сондай-ақ балалы отбасыларды қолдау әлеуметтік көмектің көпдеңгейлі жүйесі арқылы жүзеге асырылатынын және тууды ынталандыруға, отбасында бала тәрбиесіне ықпал етуге, көпбалалы аналардың беделі мен дәрежесін арттыруға бағытталғанын қосты.

«2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша облыста бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы 5,9 мың адамға 1,1 млрд теңге, жұмыссыз әйелдерге бала күтімі бойынша жәрдемақы 4,9 мың адамға 730 млн теңге, мүгедек баланы тәрбиелеуге жәрдемақы 4,5 тың адамға 1,7 млрд теңге төленді. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілік пен босануға байланысты 4129 адамға 5,5 млрд теңге, бала күтіміне байланысты 21,6 мыңнан астам адамға 7,5 млрд теңге сомасында төлем жасалды», – деді Асқар Биахметов.

Облыста 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар 29,4 мың көпбалалы отбасы бар немесе республикадағы көпбалалы отбасылардың жалпы санының 4,8 пайызы. Оларға 2025 жылдың 6 айында 10 млрд 628 млн теңге төленді. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе «Батыр ана» құрметті атағын алған көпбалалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Облыста бұл төлемді 10,7 мың ана алады, оның көлемі 1,4 млрд теңгені құрады.

2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Атырау облысында 4,9 мың адам немесе 828 отбасы атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алды.

АӘК алатын балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту үшін 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша төлем қарастырылған. Биылғы жылдың 5 айында облыс бойынша 700 отбасындағы 1346 балаға 34,6 миллион теңгеге жуық сомаға аталған төлемақы берілді.

Ол өз сөзінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Бүгінгі таңда 737 мыңнан астам қазақстандықтың (халықтың 3,6%) мүмкіндігі шектеулі. Атырау облысында 26,3 мыңнан астам адам мүгедек деп танылса, оның 55,6%-ға жуығы еңбек жасындағылар, 26,7%-ы зейнет жасындағылар, 17,7%-ы 18 жасқа дейінгі балалар.

Қазақстан БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын, оның Факультативтік хаттамасын және Марракеш келісімін ратификациялау шеңберінде өз міндеттемелерін алды. 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру басталды, оның аясында мүгедектікті түсінудің дәстүрлі және медициналық үлгілерінен әлеуметтік және адам құқықтары моделіне көшу жүзеге асырылатын болады.

Ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша Атырау облысында Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін сатып алу бойынша 8,2 мың іс-шара жүзеге асырылды.

«Қолжетімді ортамен қамтамасыз ету маңызды бағыт болып қала береді. «АМАНАТ» партиясының Жол картасы аясында ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін Атырау облысында 1001 нысан бейімделген. Дегенмен, қолжетімділік мәселесі әлі де өзекті, бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында болуы керек», – деді Асқар Биахметов.

2024 жылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін (бұдан әрі – АӘҚ) трансформациялау басталды. Орталықтардың қызметін цифрландыру барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘҚ қамтамасыз ету сапасын арттыру үшін осы қызмет түрін лицензиялау енгізілді. Атырау облысында 27 лицензия берілді.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың басынан әрбір қызмет алушының жеке қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік көмек пен қолдаудың қажетті көлемдері айқындалатын жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілуде. Жаңа шараларды енгізу халыққа әлеуметтік көмек көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу аясында 2025 жылдың 1 маусымына облыста 7,4 мың адам жұмысқа орналастырылды. 1825 адам кәсіптік оқумен қамтылды, 1138 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Биыл облыста кәсіп ашуға 1 млн 572 мың теңге сомасында 251 өтеусіз грант беру жоспарлануда.

«Министрлік жұмыспен қамту саласында ақпараттық жүйелерді дамыту бойынша ауқымды жұмыстарды атқаруда. Пайдалы қызметтер тек еңбекке қабілетті азаматтар мен жұмыс берушілер үшін ғана емес, сонымен қатар еңбек жолының бастауында тұрған жастар үшін де жасалған.

Осылайша, студенттер Enbek.kz порталы арқылы кәсіби тәжірибеден өтетін орын таба алады. Платформа іздеуден бастап онлайн тіркеуге дейінгі барлық процестерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ал болашақ мамандығын енді ғана таңдап жатқан жоғары сынып оқушылары үшін «Мансап компасы» атты алаң ашылды. Ол сұранысқа ие мамандықтар, ТжКБ оқу орындары мен ЖОО түсушілерге қойылатын талаптар туралы ақпарат көзі болып табылады, сондай-ақ оларға таңдаған мамандығының болашағын бағалауға, тағылымдамадан өтуге және болашақтағы жұмыстарын іздеуге мүмкіндік береді», – деді вице-министр.

Кездесу соңында Асқар Биахметов қатысушыларды қызықтырған барлық сұрақтарға тұшымды жауаптар берді.

Бұдан кейін вице-министр азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -