Жас офицерлер – қызметке дайын!

1353
Фотосурет: КР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Академиясының 35 түлегі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы офицерлерінің қатарын толықтырды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жас лейтенанттарды қарсы алу шарасы Алматыдай алып мегаполистің өңірлік қолбасшылық басқармасында ұйымдастырылды. Оларды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев алғашқы шендерімен құттықтай отырып, алдағы атқаратын қызметтеріне тоқталды. Сондай-ақ қолбасшылықтың басшылық құрамын таныстырып, ел тыныштығын қорғау жолында өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруына сенім артты.

- Ұлттық ұлан офицері қатарына қосылған құқықтық тәртіп әскерінің келбетін қалыптастырушы жас офицерлер, үлкен өмірге қадам басуларыңыз құтты болсын! Бүгінгі таңда офицерлік құрам заманға сай білікті, білімді әрі өз ісінің шебері болуы тиіс. Ұлттық ұлан офицерлерінің бойында осындай қасиеттер бар. Десе де, жеке құрамды басқару екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ол үшін өздеріңдей жас түлектер табанды еңбек етіп, кәсіби біліктілігін ұдайы арттырып отыруы керек, - деді генерал-майор Талапкер Әміреев.

Жас лейтенанттар Алматы, Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Талдықорған қаласында және Алматы облысы Алатау қаласындағы Заречный  ықшам ауданында орналасқан әскери бөлімдерде автомобиль және тыл қызметінің бастығы, рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, взвод командирі лауазымдарында қызмет атқаратын болады.  

- Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Ұлттық ұлан офицері атану – тек әскери шен емес, бұл – халықтың сенімін ақтау, мемлекеттің тыныштығы үшін қызмет ету деген сөз. Алғашқы еңбек жолымды, офицерлік қызметімді шырайлы Шымкенттегі 6698 әскери бөлімінен бастағалы отырмын. Мемлекеттің көрсетіп жатқан қамқорлығына ризашылығымды білдіргім келеді. Қоғамдық тәртіпті сақтап, Отан игілігі үшін лайықты қызмет етуге әрдайым дайынмын, - дейді жас офицердің бірі лейтенант Зухридин Саутов.    

Қызмет орындарына аттанбас бұрын Ұлттық ұлан Академиясының түлектері үшін оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды. Жиын барысында түлектердің қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы, жалпы әскери жарғылар, әскери педагогика мен психология, техникалық және дене дайындығы бойынша білімдері мен машықтары тексерілді. Бұл кезең олардың кәсіби қызметке толық дайын екендіктерін бағалауға мүмкіндік берді.

Жаңа буын офицерлерінің алғашқы қадамдары мұндай кешенді дайындықпен басталуы – әскери тәртіп пен сапалы кадр даярлаудың айқын көрінісі.

Айта кетейік, биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан Академиясын 200-ге жуық түлек бітірді. Қазақстандық түлектермен бірге Тәжікстан Республикасының төрт өкілі диплом алды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -