«Сырым» шекара бекетінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі

1452
Фотосурет: Gov

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқан «Сырым» шекаралық бақылау бекетіне барды. Өткізу бекеті инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында қайта құру жұмыстары жоспарланған, деп хабарлайды DKnews.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің ең маңызды шарты екенін атап өткен болатын. Сондықтан, өткізу бекеттерін заманауи инспекциялық-тексеру жүйелерімен жабдықтау – шекара қауіпсіздігін күшейтіп, коммерциялық транзиттің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Өңір басшысы бекеттің қазіргі жай-күйі, жолаушылар мен тасымалдаушыларға жасалған жағдайлармен және қайта жаңғырту жобасының дайындық барысымен танысты.

Жоспарға сәйкес, техникалық база жаңғыртылып, тексеру мен күту аймақтары кеңейтіледі. Сонымен қатар, шекаралық рәсімдерді жеделдетуге бағытталған бірқатар тиімді шаралар жүзеге асырылады.

«Сырым» өткізу пункті Қазақстан мен Ресей арасындағы үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етуде стратегиялық рөл атқарады. Жаңғырту жұмыстары шекарадан өту процесін жеделдетіп, азаматтар мен кәсіпкерлерге қолайлы әрі тиімді жағдайлар жасауға мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Айта кету керек, «Сырым» шекаралық бекеті – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіндегі маңызды пункт болып саналады. Көлік ағыны көп кезеңде бұл бекет арқылы тәулігіне 1300-ден астам жүк көлігі, 800 жеңіл көлік өтіп, 6000 жолаушы шекарадан өтеді.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев ҚР ҰҚК БҚО бойынша Шекара қызметі департаментіне, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының облыстық филиалына және бас мердігерге нақты тапсырмалар берді. Аймақ басшысы жұмыстардың нақты жоспарын мұқият пысықтауды, қайта құру кезінде бекеттің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және республикалық құрылымдармен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді тапсырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -