Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында әскери қызметшілерге арналған кезекті ақпараттық сағат ұйымдастырылды. Аталған іс-шара заманауи қоғамдағы психологиялық сауаттылықты арттыру, ұжым ішіндегі қарым-қатынасты нығайту және күйзеліске төзімділік деңгейін көтеру мақсатында өткізілді.
Ақпараттық сағатты бизнес-тренер, әлеуметтанушы және практик-психолог запастағы подполковник Алтай Сиырбаев жүргізді. Кездесудің басты тақырыбы – «Психологиялық айкидо» болды. Бұл — қазіргі таңда жеке және кәсіби өмірде туындайтын даулы жағдайларды шешудің тиімді әдісі ретінде танылып келе жатқан психологиялық модель.
Ақпараттық сағат барысында Алтай Сиырбаев психологиялық айкидоның теориялық негіздеріне кеңінен тоқталды. Бұл әдістің атауы жапондық дәстүрлі жекпе-жек өнерінен алынған. «Айкидо» сөзі – «үйлесім рухының жолы» деген мағынаны білдіреді. Психологияда бұл ұғым адамның ішкі үйлесімі мен өзгенің агрессиясын қақтығыссыз, бейбіт жолмен шешу қабілетін сипаттайды.
Алтай Сиырбаевтың айтуынша, қазіргі таңда жұмыс орнында және күнделікті өмірде адамдар жиі күйзеліске, қысым мен эмоционалды шиеленіске ұшырайды. Мұндай жағдайларда адамның өзін-өзі ұстай білуі, сабырлы жауап қайтаруы және қақтығысты өршітпей шешуі — жоғары эмоционалды интеллектінің белгісі. Осы қабілеттерді дамыту психологиялық айкидоның басты мақсаты болып табылады.
— Психологиялық айкидо — бұл агрессияға жауап ретінде агрессияны қолданбай, мәселені рухани және зияткерлік тәсілдер арқылы шешу. Бұл әдіс, әсіресе, басшылық қызметтегі адамдарға, ұжымда жиі коммуникацияға түсетін қызметкерлерге өте қажет, — деді Алтай Сиырбаев өз баяндамасында.
Іс-шара барысында қатысушыларға түрлі мысалдар мен тренинг элементтері ұсынылды. Алтай Сиырбаев атап өткендей, психологиялық айкидо адамның тек сыртқы коммуникациясын емес, ішкі күйін де реттеуге көмектеседі. Қызметкерлерге өз эмоцияларын басқару, ішкі күйзелістен арылу және күйзеліске төтеп беру әдістері айтылды.
Ақпараттық сағат барысында ұжымдағы ішкі мәдениетті қалыптастыру, тиімді қарым-қатынас орнату, жанжалсыз жұмыс ортасын құру мәселелері де көтерілді. Қызметкерлер арасында өзара түсіністік пен сенімділікті арттырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің пікірінше, мұндай кездесулер кәсіби ортадағы психологиялық ахуалды жақсартуға, олардың бір-бірімен тығыз әрі тиімді жұмыс істеуіне септігін тигізеді.
Шара барысында ұландықтар ақпарат алып, кәсіби және жеке өмірлерінде қолдануға болатын құнды тәжірибе жинады. Осындай игі бастамалар ұжымдық рухты көтеріп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың қызметіне оң ықпал ететіні анық.
Кіші сержан Нұрсұлтан Жұмабай