1342
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Әскери қызмет – бұл жай ғана мамандық емес, бұл – жүрек қалауымен таңдалатын, үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін өмір жолы. Ұлттық ұлан Академиясының жас түлегі Талғат Байқадамов осы жолды бала күнінен армандаған. Ол үшін Академияға түсу – өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі болды.

Ұлттық ұлан Академиясы – тек әскери білім беретін оқу орны ғана емес, бұл – ерлік пен тәртіптің, патриотизм мен табандылықтың нағыз мектебі. Мұнда әрбір курсант болашақ офицер ретінде ғана емес, елін сүйетін, халқы үшін жауапкершілік алуға дайын азамат ретінде қалыптасады. Қиындығы мен талаптары көп болғанымен, мұнда алынған білім мен тәрбие өмірлік азық, ал сертке берілген адалдық мәңгілік құндылыққа айналады.

Талғаттың айтуынша, ол бұл мамандықты жүрекпен таңдады. Оның арманы – Отанға қызмет ету, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз үлесін қосу. Бұл тек кәсіби таңдау емес, бұл – саналы өмірлік бағыт. Әскерде қызмет ету – мәртебе, ал офицер болу – үлкен абырой мен сенім. Ұлттық ұлан Академиясы оның осы арманына жол ашып, нағыз азамат ретінде қалыптасуына үлкен әсер етті. Академиядағы тәртіп, ұстаным мен талапшылдық оның ерік-жігерін шыңдап, ішкі мүмкіндіктерін толық ашуға көмектесті.

Оқу барысында Талғат тек әскери білім алып қана қоймай, жан-жақты даму үшін түрлі іс-шараларға белсене қатысты. Бұл оның табандылығы мен еңбекқорлығының айғағы ретінде нақты нәтижелермен көрінді. 2024 жылы «Үздік спортшы» кеуде белгісін иеленіп, 2025 жылы «Спорт төрешісі» санатын алды. Сонымен қатар, сол жылы «Әскери қызметшілердің дене шынықтыруды дамыту үшін пәнаралық байланыстар мен инновациялық технологияларды қолдану» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысып, ғылыми ізденіс жолында да жетістікке жетті. Бұл – Академияда берілген білім мен рухани тәрбие негізінде қол жеткізілген жарқын белестер.

Биыл Талғатпен бірге 22 үздік курсант оқу орнын сәтті тәмамдады. Бұл көрсеткіш Академияда берілетін сапалы білім мен жоғары деңгейдегі тәрбиенің нақты көрінісі. Ал бітіру салтанатындағы жауынгерлік тумен қоштасу рәсімінде құрметті миссияның дәл Талғатқа тапсырылуы – оның үздік курсант ретінде танылғанының жарқын дәлелі.

Мен бұл мамандықты жүрегіммен таңдадым. Отанға қызмет ету — мен үшін ең үлкен абырой. Бұл жолда мен ешқашан бас тартпаймын. Себебі мен елінің амандығы үшін аянбай еңбек ететін нағыз офицер болуға дайынмын. Мен үшін әр жетістігім — ең алдымен ата-анамның, оқытушыларымның, Академияның маған артқан сенімінің жемісі. Әсіресе, анамның үміті мен қолдауы маған ерекше күш береді. Сол сенімді ақтау — менің борышым. Енді мені жаңа белестер, жаңа міндеттер күтіп тұр. Бірақ мен дайынмын. Өйткені мен Ұлттық ұлан Академиясының түлегімін. Бұл менің өмір бойғы мақтанышым!», — деді жас лейтенант.

Талғат үшін бұл жол – таңдау емес, міндет. Ұлттық ұлан Академиясы оның өмірін түбегейлі өзгертіп, болашаққа бағыт берді. Ол мұнда тек курсант емес, нағыз ер-азамат, өз елінің қорғаушысы ретінде қалыптасты.

Қатардағы Маржан Талапкер, Петропавл қ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -