Алматыда АҚШ-та өтетін шахматтан әлем чемпионатына қатысатын үздік оқушылар анықталды

1375
Фотосурет: KazChess

Алматыда мектеп командалары арасындағы шахмат турнирі аяқталып, 2025 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан атынан өнер көрсететін алты команда анықталды. Олар: 12 жасқа дейінгі санатта – РФММ (Астана), О.А.Жолдасбеков атындағы №9 IT-лицейі (Шымкент) және Д.А. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы (Ақтөбе); 18 жасқа дейінгі санатта – РФММ (Алматы), РФММ (Астана) және SEED Educational Complex (Астана), деп хабарлайды DKnews.kz.

2025 жылғы 2-7 тамыз аралығында АҚШ астанасы Вашингтон қаласымен шектесетін Александрия қаласында (Вирджиния штаты) мектеп командалары арасындағы шахматтан әлем чемпионаты (FIDE World Schools Team Championship 2025) өтеді. Осы турнирге жолдама алатын алты команданы анықтау үшін Алматыда Республикалық физика-математика мектебінде іріктеу турниріне елдің үздік мектеп командалары жиналды. Олар екі жас санатында – 12 жасқа дейін (U12) және 18 жасқа дейін (U18) – бақ сынады.

19 және 20 маусым күндері командалар швейцариялық жүйе бойынша 9 тур ойнады (бірінші күні – 5 тур, екінші күні – 4 тур). Уақыт бақылауы – рапид 10+5 (әр партияға 10 минут және әр жүріс үшін 5 секундтан қосылады). Алғашқы турлардан бастап-ақ тартысты әрі көркем ойын өрбіді, кей кездері рейтингтік фавориттер де жеңіліске ұшырап жатты.

12 жасқа дейінгі санатта (яғни, 2013 жылы және одан кейін туғандар арасында), бастапқыда фаворит деп танылған командалар жолдама иелері атанса да, шешуші ойын соңғы турға дейін жалғасты. Жеңімпаз команда барлық 9 матчта жеңіске жетті. Команда көшбасшысы – рапид және блиц бойынша әлем чемпионы Әміржан Әнетов (О10) 9 партияда 8½ ұпай жинады! Оның жалғыз тең нәтижесі – А. Бөкейханов атындағы №23 мектептің (Кентау қ.) 1-ші тақтасында ойнаған Диас Аманбекпен кездесуде орын алды. Диас та 9 партияда 8½ ұпай жинады! Алайда оның командасы жүлдегерлер қатарынан тыс қалды.

Командалардың қорытынды нәтижесі (U12):

  1. РФММ Астана (Әміржан Әнетов, Айсұлтан Әнетов, Арыстан Жаңабаев, Айсара Туенбаева және Әсет Мұнара, капитан – Рахат Қуанышев) – 18 командалық ұпай, 29 жеке ұпай;
  2. О.А. Жолдасбеков атындағы №9 IT-лицей, Шымкент (Бекзатхан Сазантаев, Ахмедияр Сугралиев, Әлихан Жәнібек, Нұрсая Жұмабек, Алдияр Рысбайұлы, капитан – Мұхтар Оңғарбаев) – 15, 25½;
  3. Д.А. Қонаев атындағы мектеп-гимназия, Ақтөбе (Алдияр Асылбек, Аманбек Өтетілеу, Нұрасыл Сапартілеуов, Нұргүл Бауыржан және Кәусар Нәғигұлла, капитан – Бауыржан Жанашов) – 13, 23;
  4. А. Бөкейханов атындағы №23 мектеп, Кентау қаласы, Түркістан облысы – 12, 21;
  5. «Бөбек» ҰҒПББСО, Алматы – 10, 21½.
    Барлығы 21 команда қатысты.

18 жасқа дейінгі санатта (2007 жылы және кейін туған ойыншылар) бәсеке одан да шынайы әрі шиеленісті болды. Финишке екі тур қалғанда бірден 7 (!) команда үш жолдамаға үміткер еді: 11 ұпайдан – Астана мен Алматы қалаларының РФММ командаларында, 9 ұпайдан – Алматының үш командасында (№92 лицей, №173 лицей және НЗМ ФМБ-1), сондай-ақ Астананың SEED Educational Complex мен Қостанай қаласының НЗМ ФМБ командасында болды.

Келесі турдан кейін қостанайлық команда жүлдеден үміт үзді, ал көш басына бірінші турдан кейін алғаш рет Алматы қаласындағы РФММ шықты. Бір ұпай артта – Астана РФММ, екі ұпай айырмасымен – SEED, №173 лицей және НЗМ ФМБ-1, үш ұпайға артта – №92 лицей.

Бәрі соңғы турда шешілді, онда екі көшбасшы жолдама алуға үміті қалмаған командалармен ойнады, ал қалған үш матч шын мәніндегі тартысты кездесулер болды. Нәтижесінде SEED Educational Complex Қостанай командасын жеңіп, еш қиындықсыз алға шықты, ал №173 лицей – №92 лицей арасындағы алматылық дербиде және Алматы мен Павлодар қалаларының НЗМ командалары арасындағы матчта жеңіс аз ғана басымдықпен келді.

Айта кетерлігі, фавориттер қатарында болмаған бірнеше команда қызықты тактикалық шешімдер қолданды: жеңіске жету мүмкіндігін арттыру үшін ең күшті ойыншыларын 2-ші және 3-ші тақтаға орналастырып, ал 1-ші тақтаға 3-ші немесе тіпті 4-ші нөмірдегі шахматшыларын қойды.

Командалардың қорытынды нәтижесі (U18):

  1. РФММ Алматы (Эдгар Мамедов, Иманғали Ахилбай, Әлихан Дәулет, Зарина Нұрғалиева және Әдіжан Есенғали, капитан – Саят Егенбердиев) – 15 командалық ұпай, 28 жеке ұпай;
  2. РФММ Астана (Ерғали Сүлеймен, Ислам Айтен, Владимир Савицкий, Мәдина Момын және Ернұр Ахмедияр, капитан – Ботагөз Жалғасбаева) – 14, 26;
  3. SEED Educational Complex Астана (Данис Қуандықұлы, Алдияр Сайлаубай, Арсен Айтмұханов, Мария Холявко және Айлин Зарқым, капитан – Шнара Әбелпейісова) – 13, 25½;
  4. №173 лицей, Алматы – 13, 23;
  5. НЗМ ФМБ-1, Алматы – 13, 22.
    Барлығы 20 команда қатысты.

Әр жас санаты бойынша үш жүлдегер команда (барлығы 6 команда) Вашингтонға жолдамадан бөлек, ақшалай сыйлыққа ие болады: 1-ші орын үшін – 350 000 теңге, 2-ші орын үшін – 250 000 теңге, 3-ші орын үшін – 150 000 теңге.

Марапаттар әр тақта бойынша үздік үш ойыншыға да табысталды. Атап айтқанда, 12 жасқа дейінгі санатта жеңімпаздар қатарынан 1-ші тақтада –Әміржан Әнетов (РФММ, Астана), 2-ші тақтада – Ахмедияр Сугралиев (О.А. Жолдасбеков атындағы №9 IT-лицей, Шымкент), 3-ші тақтада –Арыстан Жаңабаев (РФММ, Астана), ал 4-ші тақтада –Мариям Таубасар (Zerdesh, Алматы) көзге түсті. Ал 18 жасқа дейінгі санатта 1-ші тақтада –Бейбарыс Бекбол (ОМФМЛИ, Ақтөбе), 2-ші тақтада – Алдияр Сайлаубай (SEED Educational Complex, Астана), 3-ші тақтада – Әлихан Дәулет (РФММ, Алматы), ал 4-ші тақтада –Зарина Нұрғалиева (РФММ, Алматы) үздік деп танылды.

2023 жылдың тамыз айында Ақтау қаласында  мектеп командалары арасындағы әлем чемпионаты табысты өтті – бұл осындай ауқымдағы алғашқы турнир болды. Оған 53 елден 300-ден астам жас шахматшы қатысты.

Бір жылдан кейін, KazChess/ҚШФ президенті Тимур Турловтың бастамасымен Халықаралық мектеп шахмат федерациясы (International School Chess Federation) құрылды. Енді Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) мен ISCF (Турловтың өзі басқарады) бірлесіп, 2025 жылғы 2-7 тамыз аралығында Александрия қаласында (АҚШ, Вирджиния штаты) кезекті осындай турнирді FIDE World Schools Team Championship 2025 өткізеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -