Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов Бұланды ауданының Отрадное ауылында ашылған жаңа өрт сөндіру бекетіне барды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Нысанның ашылуы Министрдің бастамасымен ауылдық жерлерде ерікті өртке қарсы құралымдар жүйесін дамытуға бағытталған "Ауыл құтқарушылары" ведомстволық бағдарламасын іске асырудағы кезекті қадам болды.
Ерікті өртке қарсы құралымға жататын өрт сөндіру бекеті шамамен 1500 адам тұратын алты елді мекеннің өрттен қорғалуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар аумағы 1000 гектар орман қоры мен өңірдегі жетекші аграрлық кәсіпорындардың бірінің ауыл шаруашылық алқаптарын қорғайтын болады.
"Біздің міндетіміз-шалғайдағы елді мекендерді өрттен қорғаумен барынша қамтамасыз ету және азаматтық қорғау күштері мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды жақсарту. Бұл бекет "Ауыл құтқарушылары" бағдарламасын жүзеге асырудың жарқын мысалы болып табылады"'- деп министр Шыңғыс Әрінов атап өтті.
Ақмола облысы ТЖД еріктілерінің ұтқырлығы мен тиімділігін арттыру үшін бекетке АЦ-8-40 өрт автоцистернасын тапсырды. Сонымен қатар бекетте су тасқыны кезінде аса тиімді авариялық-құтқару автокөлігі, сондай-ақ автоцистернаға су айдауға арналған мотопомпасы бар Toyota Hilux автокөлігі, "Manitou" тиегіші, дала өрттерін жоюға арналған соқалары бар трактор және металл қайық бар. Мұның барлығы мемлекет пен ауылдық қоғамдастықтардың табысты өзара іс-қимылының мысалы болып табылады.
Бекеттің жұмысы төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін едәуір азайтуға және ТЖ жағдайында жедел ден қоюды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сапар барысында ТЖМ басшысы 2025 жылғы қаңтардан бастап № 8 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында жұмыс істейтін Макинск қаласындағы әмбебап құтқару бөлімшесіне барды. Ол Қазақстанның құтқару қызметтерін жаңғырту аясында ашылды. Бөлімше өрт күзеті мен шұғыл медициналық көмек функцияларын біріктіреді және жарты жыл ішінде өз жұмысының өңірлер жағдайында мұндай тәсілдің тиімділігін растады.