Фитосанитарлық қауіпсіздік – басты назарда: АШМ егістік алқаптарды өңдеу қорытындысын жариялады

1375
Фотосурет: Gov

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Іс-шараға облыс әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармаларының, министрлікке қарасты ұйымдардың басшылары мен аумақтық бөлімшелердің өкілдері қатысты. Жалпы қатысушылар саны 200-ден асты.

Вице-министр Бағлан Бекбауовтың айтуынша, қазіргі таңда 11,4 млн гектар ауыл шаруашылығы алқаптары зерттеліп, 2 млн гектар жер өңделді. Бұл – шегірткелер таралуы болжанған аумақтың 95,5 пайызы. Жамбыл және Түркістан облыстарында мароккалық шегірткемен күрес шаралары толық аяқталды. 15 өңірде итальяндық прусқа қарсы өңдеу жұмыстары жалғасуда.

Азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу 8 облыста жүргізілуде. Жалпы 443 бірлік арнайы бүрку техникасы мен 3,5 мың маман тартылған.

«Үйлесімді әрі жедел жұмыстың арқасында шегірткелердің жаппай таралуына жол берілмеді. Өзара тығыз әрекеттестікті, уақытылы әрекет етуді және ресурстарды жұмылдыруды қамтамасыз етіңіздер. Фитосанитариялық қауіпсіздік – бұл жай ғана техникалық мәселе емес, бұл аграрлық саланың тұрақтылығы мен экспорттық әлеуетіне тікелей әсер ететін стратегиялық басымдық», – деді министр.

Сондай-ақ карантиндік фитосанитариялық бақылау нәтижелері де жарияланды: 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында заңнаманы бұзудың 1 342 дерегі тіркеліп, 130,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Зиянды өнімді елге әкелудің 65 әрекеті тоқтатылып, ҚР фитосанитариялық талаптарының бұзылуына қатысты 79 халықаралық нотификация жолданды.

Жыл басынан бері шекаралық бақылауды күшейту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. ЕАЭО елдерімен шекарадағы өткізу пункттерінде фитосанитариялық инспекторларды орналастыру жұмыстары басталды. Карантиндік өнімді жедел диагностикалауға арналған мобильді зертханалар іске қосылып, осының арқасында 145 рет қауіпсіздігі күмәнді ауыл шаруашылығы өнімін елге кіргізудің жолы кесілді.

Пилоттық режимде Ақтөбе облысындағы «Әлімбет» бақылау-өткізу пунктінде карантиндік құжаттарды электронды рәсімдеу жобасы іске қосылды. Жақын арада бұл жоба Ресей Федерациясы және Қырғыз Республикасы шекарасындағы 32 бақылау-өткізу бекетінде кеңейтіледі.

Алқа қорытындысы бойынша министр өңірлерде күрес шараларын жүргізу кезінде әкімдіктен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді, сондай-ақ шекара маңындағы аумақтарда зиянкестердің сырттан көшуінің алдын алу үшін мониторингті күшейтуді тапсырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -