Қостанай облысы Қамысты ауданының әкімі 6697 әскери бөлімі 2-атқыштар ротасының тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жаңадан тағайындалған аудан әкімі Ерлан Жаулыбаев жұмыс сапарымен «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6697 әскери бөлімінің Жетіқара кентінде орналасқан 2-ші жеке атқыштар ротасына келді. Ол мұнда әскери бөліністің күнделікті тұрмыс-тіршілігімен, қызметтік жағдайымен және инфрақұрылымдық жай-күйімен танысты.
Әкімге ротаның командирі майор Шыңғыс Айдарбек бөлімшенің қазіргі жағдайы, жеке құрамның жауынгерлік дайындығы, оқу-жаттығу жұмыстары мен әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз етілуі туралы жан-жақты мәлімет берді.
Қатардағы жауынгерлермен кездескен Ерлан Жаулыбаев олардың қызметіне сәттілік тілеп, Отан алдындағы адал еңбектері үшін алғыс айтты.
«Сіздер еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аса маңызды іс атқарып жүрсіздер. Мемлекетіміз сіздердің қажырлы еңбектеріңізді әрдайым жоғары бағалайды. Қамысты ауданының әкімдігі тарапынан да әрқашан қолдау көрсетілетін болады. Біз үшін сарбаздардың жағдайы, олардың әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз етілуі — үнемі назарда. Ел тыныштығы сіздердің сенімді қызметтеріңізге байланысты екенін ұмытпауымыз қажет», — деп атап өтті аудан әкімі.
Сапар барысында әкім сарбаздар тұратын казармалар, асхана, қаружарақ бөлмелері мен оқу сыныптарын аралап көрді. Әскери бөлімдегі тәртіп пен тазалыққа оң баға беріп, қажетті жағдайлар жасалғанына көз жеткізді. Жеке құраммен ашық әңгімелесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Қамысты ауданы басшысының бұл сапары Ұлттық ұлан әскери бөлімшелеріне көңіл бөлінетінін аңғартады. Мұндай кездесулер жас жауынгерлердің рухын көтеріп, олардың ел алдындағы жауапкершілігін арттырары сөзсіз.