Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері арасында "Мемлекеттік тіл - менің тілім" байқауы өткізілді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Байқауда төбе танытқан әскери қызметшілер сайысқа барша ықыласымен қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Іс- шараның мақсаты мемлекеттік тілді әскери қызметшілер арасында насихаттау, тілді қолданыс аясын арттыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Павлодар қаласындағы Естай атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен шарада өзге ұлт өкілдерінен құралған ұландықтар сынға түсті.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, алға суырылып шыққан өнерпаздар көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Тартысқа толы сайыс қорытындысы бойынша 6679 әскери бөлімінің қатысушысы ефрейтор Максим Королев бірінші орынға ие болса, екінші орынды 5512 әскери бөлімінің қатысушысы лейтенант Григорий Корнев иеленді. Ал жүлделі үшінші орынды 3514 әскери бөлімінің қатысушысы қатардағы жауынгер Данила Сидоров місе тұтты. Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен және диплом, алғыс хаттармен марапатталды.
Ал сайыста топ жарған ефрейтор Максим Королев болса "Мемлекеттік тіл - менің тілім" сайысының келесі кезеңіне жолдама алды. Сарбаз алдағы уақытта қыркүйек айында Павлодар қаласында өтетін Ұлттық ұлан әскерлері арасындағы сайыста "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының намысын қорғамақ.