Ақтөбеде "Айбын" халықаралық жастар жиынына қатысушыларды салтанатты жағдайда қарсы алды

1705
Фотосурет: Gov

Ақтөбе облысына жас патриоттардың жиынына қатысу үшін  әуе және теміржол көлігімен 50-ден астам қазақстандық және шетелдік команда келді, деп хабарлайды DKnews.kz.

"Айбын" XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған. 
Жарысқа барлығы 14 пен 17 жас аралығындағы 700-ден астам ұл мен қыз қатысады. Олардың арасында Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командалары бар. Қытай делегациясы байқаушы ретінде қатысады.

Іс-шаралар Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының "Айбын" оқу орталығының базасында өтеді.
Ақтөбе қаласының әуежайына алғашқылардың бірі болып Әзербайжан командасы келді.  Джамшид Нахичеванский атындағы әскери лицейдің курсанты Эльмир Авазов өзінің көңіл-күйін жеткізді.

"Біз Қазақстанға "Айбын-2025" әскери-патриоттық жиынына қатысу үшін ғана емес, жеңіске деген үмітпен келдік. Біз өз елімізді лайықты түрде таныстыруымыз керек. Бұл оңай болмайтынын білемін, бізді қиын сынақтар мен күшті қарсыластар күтіп тұр, бірақ біз жеңіске бар күшімізді саламыз", – деді Эльмир. 

Барлық шетелдік командалар Қазақстанға азаматтық авиация ұшақтарымен, қазақстандық командалар темір жол, автомобиль көлігімен және әскери-көліктік авиациямен келді. Сондай-ақ, 2024 жылдың соңында әуе қорғанысы күштеріне қабылданған А-400М көпфункционалды көлік лайнері тартылды.

Ұйымдастырушылар жиынға қатысушылардың жаңа жағдайларға тез бейімделуі үшін бәрін жасайды. Команда басшыларына жиын өткізу бағдарламасы, жарыстарға қатысу ережесі және шатырлы қалашықта болу тәртібі бойынша түсініктемелер беріледі.

Командалар келген күні мандаттық комиссияның отырысы және кезек тәртібін айқындайтын жеребе өтті.

Келесі күні жиынға қатысушылар жарысқа кіріседі. "Айбын дарыны" зияткерлік ойыны, пневматикалық мылтықтан ату, АК-74-ті жартылай бөлшектеу және құрастыру, Smart Sarbaz робототехника байқауы және басқа да көптеген іс-шаралар жоспарланған. Жасөспірімдер спорттық жарыстарда, таланттар байқауында жарысады және кешті үлкен алаудың жанында өткізеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -