Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрилерге жеңілдетілген несиелеу көлемін арттыруда

1210
Фотосурет: t.me/Agropresskz

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен агроөнеркәсіптік кешенде жеңілдетілген несиелеу жүйесін дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Іс-шараға облыс әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармаларының, ведомстволық ұйымдардың, аумақтық бөлімшелер мен қаржы институттарының басшылары – барлығы 200-ден астам адам қатысты.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков негізгі бағыттар бойынша жеңілдетілген қаржыландыру көлемін ұлғайту шаралары туралы баяндады. Олардың қатарында көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарын жүргізу, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бар.

Көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы аясында 7 230 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 468,2 млрд теңге бөлінді. Бұл 7,5 млн гектар егіс алқабын қамтыды.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның кепілдік беру бағдарламасы аясында жалпы сомасы 212,8 млрд теңгені құрайтын 1 226 кепілдік берілді.

Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту мақсатында 2025 жылы «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы аясында 250 млрд теңге қарастырылған. Бұл кемінде 6 мың бірлік техника сатып алуға мүмкіндік береді. 24 ақпанда өтінім қабылдау басталғалы 140,1 млрд теңгеге 3 640 өтінім түсті.

Қайта өңдеу саласын ынталандыру мақсатында қаржы институттарын субсидиялаудың жаңа механизмі енгізілді. Бұл қайта өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға арналған несиелердің мөлшерлемесін жылдық 5%-ға дейін арзандатуға мүмкіндік береді. Осы мақсатқа «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 44 млрд теңгеден астам қаражат бағытталмақ.

Министрлік «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингімен бірлесіп, ең алдымен бордақылау алаңдарын қаржыландыруға бағытталған мал шаруашылығы субъектілеріне арналған жаңа жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр.

Жоспарланған қаржыландыру көлемі – жылдық 5% мөлшерлемемен 50 млрд теңге. Несиелердің қолжетімділігін арттыру үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы кепілдендіру тетігі қолданылмақ.

«Барлық күш-жігер қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз етуге, аграрлық сектордың орнықты өсуіне және технологиялық жаңаруына бағытталуы тиіс. Жеңілдетілген несиелеу нақты нәтиже беруі қажет – бұл өнімділік пен экспорттық әлеуетті арттыру», – деп атап өтті министр.

Алқа қорытындысы бойынша «Бәйтерек» холдингі және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-мен бірлесіп мал шаруашылығын жеңілдетілген қаржыландыруды іске қосу, «Кең дала-2» бағдарламасына жылыжайлар мен жеміс бақтарын қаржыландыру бағытын енгізу, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен тарату, қаржының мақсатты әрі тиімді пайдаланылуы мен қайтарымын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -