Арқалық қаласына жұмыс сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жергілікті тұрғындармен және білім беру саласының өкілдерімен кездесу өткізіп, «Ғылым мен жоғары білім беруді дамыту» тақырыбында баяндама жасады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесу барысында министр Қостанай облысының жоғары білім мен ғылым саласында зор әлеуетке ие екенін атап өтті. Ол бұл өңірдің педагогикалық бағыттағы дәстүрі, зияткерлік әлеуеті мен инфрақұрылымының дамуына байланысты, алдағы жылдары Қазақстанның білім беру кеңістігіндегі жетекші өңірлердің біріне айналатынын айтты.
«Қостанай облысы – аграрлық, инженерлік және педагогикалық кадрларды даярлауда маңызды өңір. Осы әлеуетті тиімді пайдалану арқылы біз өңірлік университеттерді дамытудың жаңа моделіне көшеміз. Бұл – елдің интеллектуалды және экономикалық дамуы үшін аса маңызды», – деді министр.
Одан әрі ол Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі бағыттарын таныстырды. Бұл стратегиялық құжат елдегі жоғары білім беру сапасын арттыру, ғылымды коммерцияландыру, халықаралық бәсекеге қабілеттілікті нығайту және академиялық еркіндікті кеңейтуге бағытталған.
«Жоғары білім енді тек диплом алу емес, ол – дағды мен тәжірибе, технологиямен жұмыс істей алатын бәсекеге қабілетті маман даярлау процесі. Сондықтан біз жоғары оқу орындарын нарық сұранысына бейімдеп, сапаны негізгі өлшем ретінде алып отырмыз», – деді министр.
Сондай-ақ Саясат Нұрбек Қазақстандағы шетелдік университеттердің филиалдарына жеке тоқталып, олардың Қостанай өңіріндегі ықтимал келешегі жайлы айтты. Бұл жобалар жастардың өз өңірінде халықаралық стандарттар бойынша сапалы білім алуына мүмкіндік береді.
Қазақстанның қазіргі білім беру жүйесіндегі стратегиялық басымдықтарға да назар аударылды. Ол еліміздің Орталық Азиядағы аймақтық білім беру хабына айналып келе жатқанын атап өтіп, шетелдік жетекші университеттердің филиалдарының Қазақстанда ашылуы, олардың артықшылықтары мен инфрақұрылымдық дамуы туралы кеңінен баяндады.
Өз сөзінде Саясат Нұрбек: «Бүгінде жастарымыз халықаралық деңгейдегі білімді өз елінде ала алады. Бұл – еліміздегі адами капиталды күшейтуге бағытталған нақты қадам. Алдағы уақытта біз бұл тәжірибені өңірлерге де кеңейтіп, әрбір жас қазақстандықтың сапалы білімге қолжетімділігін арттырамыз», – деді.
Сондай-ақ басты спикер цифрландыру, инновация мен жасанды интеллект мәселесін де қозғады.
«Жасанды интеллект тек ІТ саласына емес, педагогика мен жоғары білімге де еніп келеді. Біз университеттерге AI құралдарын интеграциялау, адаптивті оқыту жүйелерін енгізу және жаңа буын оқытушыларын дайындау бойынша нақты қадамдар жасап жатырмыз», – деді министр.
Кездесу барысында тұрғындар өз сауалдарын қойып, жоғары білім беру, жатақхана тапшылығы, ауыл мұғалімдерін қолдау сияқты маңызды мәселелерді көтерді. Министр сұрақтарға нақты жауап беріп, болашақта Арқалық қаласында студенттерге арналған заманауи жатақхана құрылысы басталатынын айтты. Бұл – өңір жастарына жасалатын маңызды инфрақұрылымдық қолдаудың бірі.
Кездесуден кейін Саясат Нұрбек азаматтарға жеке қабылдау жүргізіп, тұрғындардың жеке өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Әрбір өтініш бойынша нақты жауап беріліп, бірқатар мәселе министрліктің бақылауына алынды.