Астанада сегізінші қазақ-француз логикалық коллоквиумы өтеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Уақыты: 24.06.2025 сағ. 10.00
Орны: ул.Қажмуқана 13, 119 ауд.
Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана, Қазақстан) 2025 жылғы 24–27 маусым аралығында "Сегізінші қазақ-француз логикалық коллоквиумы" атты халықаралық конференцияны өткізеді.
Коллоквиумның басты мақсаты – логика, математика, лингвистика және осы салалар тоғысындағы бағыттар бойынша қазақ және француз зерттеушілерінің, сондай-ақ басқа елдер ғалымдарының өзара ғылыми ынтымақтастығын нығайту, тәжірибе алмасу және жаңа ғылыми байланыстар орнату.
Пекин университеті, Экономика жоғары мектебі, Мәскеу физика-техника институты (МФТИ), Новосібір мемлекеттік университеті (НГУ), сондай-ақ Лион-1 университеті сынды жетекші оқу орындарының ғалымдары коллоквиум аясында ғылыми баяндамалар жасайды.
Коллоквиум аясында Еуропаның және Қытайдың беделді ғылыми орталықтарымен тығыз байланыс орнатылады. Бұл халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге, тәжірибе алмасуға және ғылыми білімнің алдыңғы қатарлы үлгілерін қазақстандық ғылыми кеңістікке енгізуге мүмкіндік береді.
Аталған коллоквиум алғаш рет Қазақстанда француз логигі және лингвисі Бруно Пуаза мен қазақ логигі Төленді Мұстафиннің бастамасымен ұйымдастырылған. 1992 жылы коллоквиум Францияның Марсель қаласында, 1994 жылы – Алматыда өткен. Төртінші коллоквиум 1997 жылы Францияда (Марсель) ұйымдастырылды.
1994 жылы Төленді Ғарифұлының қайтыс болуына байланысты бұл жұмыс тоқтап қалған еді. Профессор Б. Пуазаның қолдауымен Бесінші қазақ-француз коллоквиумы 2000 жылы Қазақстанда (Қарағанды) қайта жанданып, ұйымдастырылды. Бруно Пуаза коллоквиумға шәкірттері мен ізбасарларын ертіп келіп, жастар арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға үлкен үлес қосты. Алтыншы коллоквиум 2005 жылы Қазақстанда (Астана) өтті. Жетінші коллоквиум 2022 жылы Францияда (Лион) ұйымдастырылды.
Бруно Пуаза Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің және Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры болып табылады.