ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қолдауға бағытталған «Ұстаз» ұлттық цифрлық платформасының пилоттық кезеңінің нәтижелерімен танысты. Министр осы мақсатта «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған Астана қалалық №33 мектепте педагогтер қауымдастығымен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Педагогтер платформаны қолданудағы тәжірибелерімен, ой-пікірлерімен бөлісті. Олар жүйенің біліктілікті бағалау үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етіп, артық қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Ең маңыздысы – аттестаттауды автоматтандырып, нақты нәтижеге бағытталған тиімді тетік қалыптастырды.
Платформа мұғалімге өзінің кәсіби жетістіктерін жинақтаумен қатар, оқушыларының оқу нәтижелерін талдауға, оқыту әдістемесін жетілдіруге, сондай-ақ кәсіби және білім беру іс-шараларына қатысуын есепке алып отыруға мүмкіндік береді.
Барлық дерек мұғалімнің жеке кабинетінде жинақталып, өзге білім беру жүйелерімен кіріктіріледі. Бұл педагогтің оқушылардың дамуына және жалпы білім беру ортасын жетілдіруге қосқан өзінің үлесін жан-жақты әрі әділ бағалауға жол ашады. Нәтижелері аттестаттау кезінде шынайылық, дәлдік және сенімділік қағидаттары негізінде ескеріледі.
Пилот нәтижелерімен танысқан министр қазіргі жағдайда педагогтің кәсіби дамуы үздіксіз әрі нақты мақсатқа бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
«Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуы – білім сапасының басты негізі. Бүгінде мұғалімнен тек білім беру ғана емес, сонымен қатар икемділік, балаларды шабыттандыра білу және жаңа сын-қатерлерге бейімделу қабілеті талап етіледі. Бұл үдерісте «Ұстаз» платформасы әр мұғалімнің кәсіби дамуын бақылауға, дер кезінде кері байланыс алып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін сенімді цифрлық көмекшіге айналуы тиіс», — деді Ғани Бейсембаев.
Кездесу қорытындысы бойынша министр платформаны әзірлеген «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығына педагогтердің пікірін ескере отырып, жүйені одан әрі жетілдіру, сондай-ақ мұғалімдер үшін оның мүмкіндіктерін барынша қолайлы әрі тиімді ету жөнінде тапсырма берді.
Бүгінде платформаға Ұлттық білім беру деректер қоры арқылы еліміздегі барлық педагог қосылған. Қазіргі таңда 94 мыңнан астам мұғалім аттестаттаудан осы жүйе арқылы өтуде.