Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Азия даму банкінің (АДБ) Орталық және Батыс Азия бойынша бас директоры Геннадий Жуковпен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Тараптар халықаралық қаржы ұйымының Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау жобаларына қатысу мүмкіндігін талқылады.
Қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі АДБ-ға әзірленіп жатқан жобалар тізімін ұсынды. Келесі айда халықаралық қаржы ұйымының сарапшылары бұл жобаларды жан-жақты талқылау үшін Қазақстанға келеді.
Сондай-ақ министр АДБ өңірлік басшылығымен «Мұздықтардан фермаларға» халықаралық бағдарламасы шеңберінде мұздықтарды сақтау және олардың еруіне тұрақтылықты күшейту, соның ішінде ирригациялық желілерді жаңғырту жөніндегі шараларды көздейтін ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
«Біз ұзақмерзімді әрі екі тарапқа да тиімді ынтымақтастыққа үміт артамыз. Министрлік су шаруашылығы инфрақұрылымын кешенді түрде жаңғырту жобаларын әзірлеп жатыр. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін біз халықаралық қаржы институттарын кеңінен тартып жатырмыз және Су саласын дамыту жөніндегі әріптестердің үйлестіру кеңесі аясында белсенді жұмыс жүргізіп келеміз» Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов