Зерттеу, өнер және тарих: NIS «Туған елге тағзым» экспедициясын қалай өткізді

1628
Фотосурет: NIS

Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS-те елордалық, Қарағанды және Қостанайлық жүзге жуық жас зерттеушіні жинаған «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жоба ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды. Экспедиция әсем табиғат пен тарихи орындарды тамашалау сапары ғана болмай, нағыз ғылыми зерттеу жұмысына айналды: оқушылар өңір флорасы мен фаунасын, түрлі су қоймаларындағы судың сапасын зерттеді, көне Жетісу тарихына үңілді, бақылауларын жазып, сауалдар қойып, жауабын іздеді.

Әр бағыт – тылсым Шарын шатқалы болсын, Алатаудың інжу-маржаны – Көлсай көлдері болсын, немесе сақ дәуірінен сыр шертетін Есік қорғандарына саяхат болсын – мағыналы болды. Әр күн – құнды жаңалықтармен, ал әр кеш – қызықты пікірталастар, шығармашылық жұмыстар мен жылы сәттермен ерекшеленді.

Мен Алматыға алғаш рет келіп тұрмын. Бұл жерлердің сұлулығы мені тәнті етті. Шарын шатқалдары шексіз кеңістік секілді. Көлсай – асқақ таулардың арасындағы жалғыз көлдей көрінеді. Қазақстанның табиғаты өзінің сұлулығымен, байлығымен жүрегімізде Отанға деген мақтаныш сезімін оятады, – деп бөлісті Қостанайдағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Мирас Тойымбетов

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған экспедиция қатысушыларды ерекше өнер туындысын жасауға шабыттандырды – 2000 асықтан құрастырылған Абайды бейнелеген  текемет-картинаға оқушылар үш күнді арнады. Экспедицияның әр қатысушысы өз үлесін қосқан бұл шығармашылық туынды жобаның символдық нүктесіне айналып, ұлы ойшылға деген терең алғыстың көрінісі болды.

Экспедицияның жабылу салтанатында мектеп директорының орынбасары Лаура Қыздарбекова жоба өзінің басты мақсатын – туған жерге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу, ұлы Абайдың мұрасын құрметтеу, оқушылардың зерттеушілік пен шығармашылық қабілетін дамыту миссиясын толық орындағанына сенім білдіріп, белсенді қатысушыларға арнайы тағайындалған номинацияларды  табыстады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -