Өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларының тек 5-6%-ында ғана қайғылы оқиға ҚР Қылмыстық кодексінің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық істер аясында тергеуге негіз болады. Айта кетейік, суицид жағдайлары ұғымына аяқталған суицид жағдайлары да, сол сияқты суицидке әрекет жасау тіркелген жағдайлар да кіреді. Осыған ұқсас оқиғалардың аз ғана бөлігі сотқа дейін жетеді. Мұндай жағдай бірнеше жылдан бері жылдан жылға қайталанып келеді. Әрі қарай мұның неліктен орын алатынын түсіндіреміз.
Бір жыл ішінде іс жүзінде әлдеқайда көп қылмыстық іс қозғалғанын, бірақ кейбір жағдайларда тергеу әртүрлі себептермен тоқтатылғанын (күдік расталмаған, жәбірленушінің туыстарынан арыздар түспеген және т. б.) атап өткен маңызды. Бұл 2024 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы статистикамен расталады. Бес ай ішінде «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша 655 қылмыстық іс тіркелген, бұл өткен жылдың жалпы санынан айтарлықтай көп. Ал жасалған әрекеттер мен аяқталған суицидтердің жалпы санындағы қылмыстық істердің үлесі айтарлықтай жоғары болып шықты — 21%. Бұл әрбір бесінші өз-өзіне қол жұмсау әрекеті қылмыстық іс қозғауға негіз болады дегенді білдіреді. Алайда қарау барысында істердің басым бөлігі қысқартылады немесе ҚР ҚК-нің басқа баптары бойынша қайта сараланады, ал «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тек барлық суицидтік актілердің 6%-ы ғана қалады. 2024 жылы осындай қылмыстық істердің тек 17-і ғана сотқа жетсе, биылғы жылдың бес айында бар болғаны үш іс қозғалған.
Қазіргі уақытта заң бойынша«Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу туыстарының немесе лауазымды тұлғалардың арыздары негізінде қозғалуы мүмкін. Сонымен қатар, өз-өзіне қол жұмсау фактісінің өзі қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. Естеріңізге сала кетейік, екі жыл бұрын Мәжілістің экс-депутаты, құқықтану ғылымдарының PhD докторы Муслим Хасенов балалардың өз-өзіне қол жұмсауы жағдайында қылмыстық істер туыстарының арызынсыз әдепкі қалпы бойынша қозғалатындай заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынған болатын. Шын мәнінде, қайғылы оқиғаның себебін тек қылмыстық тергеу барысында анықтауға, кінәлілерді анықтап, алдын-алу шараларын қолдануға болады. Алайда заңнамалық нормалар әзірге өзгеріссіз қалып отыр.
«Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық істер қайғылы суицид актілерінен кейін ғана емес, сонымен бірге орны толмас әрекетке барғаннан кейін де қозғалады. Бұл ретте суицидке әрекет жасау бойынша қылмыстық істердің үлесі шамамен екі есе жоғары. Мәселен, өткен жылы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу туралы істер бойынша 453 адам құрбан болып саналған. Олардың 32,7%-ы немесе 148 адам қаза тапты. 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы статистика бойынша құрбандардың жалпы санындағы қаза тапқандардың үлесі 45,4%-ды құраған. Толық жылдардағы деректерден айырмашылығы тағы да ақпарат жинаудың әдіснамалық ерекшеліктеріне байланысты.
Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу құрбандары көбінесе ер адамдар болып табылады. Биылғы жылдың алғашқы бес айындағы статистикада зардап шеккендердің 71,5%-ы немесе 377 адам — ер адамдар. Ең жиі кездесетін жас санаты — 30 мен 49 жас аралығындағы орта жастағы адамдар. Олардың жиынтық үлесі 40,8%-ды құрайды. Осы статистикадағы 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің үлесі — 10,4% немесе 55 адамды құрайды.
Жалпы алғанда, Қазақстанда соңғы бірнеше жыл ішінде суицидтердің саны бір деңгейде қалып отыр. Суицид оқиғаларының жалпы саны жылына 7,4 мыңнан 8,6 мыңға дейін құбылып отырады. Олардың жартысынан көбі — бұл өз өмірімен есеп айырысуға тырысу. Жыл сайын 3,4 мыңнан 4 мыңға дейін қазақстандық қайтыс болады.
Осы жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда 1,4 мың өз-өзіне қол жұмсау әрекеті және 1,3 мың аяқталған суицид тіркелді. 69,8% жағдайда мұндай шарасыз қадамға ер адамдар барған. 89 кәмелетке толмаған бала қаза тапты. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің 195 жағдайы тіркелді.
Бұрын Ranking.kz порталы ҚР-дағы суицид мәселесінің депрессияның кеңінен таралуымен тығыз байланысты екенін жазған болатын. Өткен жылы бұл көрсеткіш Қазақстанда 4,4%-ды құраса, әлем бойынша орташа көрсеткіш 3,9%-ды құраған.
Өкінішке қарай, БП ҚСжАЕК-тің қолданыстағы статистикалық нысандары орын алған өзіне-өзі қол жұмсау жағдайларының көп бөлігінің негізгі себептері туралы көрініс бермейді. Ағымдағы жылдың қаңтар–мамыр айларында 1,3 мың өлімнің 945 жағдайында (70,5%) қайғылы оқиғаның себебі анықталмаған деп есептеледі. Қалған 29,5%-ының ішінде ең көп аяқталған суицид фактілерінің себебі ретінде кедейлік (134) және жалғыздық (104) тіркелді. Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу белгілері қарастырылған жағдайлардың саны төмен: бопсалау — 2, психикалық зорлық-зомбылық — 3.
Егер құрбанның өліміне байланысты суицидтік әрекеттің себебін анықтау қиын болса, өзіне-өзі қол жұмсау әрекетінен аман қалған азаматтарда «не үшін?» деген сұраққа жауап беруде, логикалық тұрғыдан алғанда, азырақ қиындық туындау керек. Алайда, олай емес. Кестенің оң жақ бағанында себептері бойынша суицидке әрекет жасау жағдайлары бөлініп көрсетілген. Жағдайлардың 60,7%-ында себеп анықталмаған, бұл превентивтік жұмыстардың жеткіліксіздігін көрсетеді.