ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығында Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Рамиль Камаловтың төрағалығымен ерекше қорғалатын аумақтарда қамыс өрттерінің алдын алу және оларды сөндіру мәселелері қаралды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бірлескен кеңестің жұмысына экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев, Атырау облысы әкімдігі мен ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің басшылығы қатысты.
Ерекше қорғалатын аумақтар Экология және табиғи ресурстар министрлігінің иелігінде, ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес осы учаскелерде алдын алу іс-шараларын жүргізуге және өртті сөндіруге жауапты. Бұл жерлердегі өрттерге уақтылы ден қоймау халыққа, инфрақұрылымға және экожүйеге қауіп төндіруі мүмкін.
Соңғы ірі қамыс өрттерінің бірі Атырау облысындағы «Ақжайық» табиғи резерватының аумағында орын алды. Өртті сөндіру жұмыстары 11 күнге созылды.
Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері елімізде 260 қамыс өрті тіркелді. Жетуі қиын жерлер мұндай өрттерді сөндіру жұмыстарын қиындатады және өрт сөндіру техникасын қолдану іс жүзінде мүмкін емес. Бұл ретте көп жағдайда сөндіруді ТЖМ күштері мен авиациясы жүзеге асырады.
Осыған байланысты Рамиль Камалов Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан аумақтарды өртке қауіпсіз жағдайда ұстау: патрульдеуді ұйымдастыру, құрғақ өсімдіктерден тазарту, қажетті техника мен ресурстарды тарту бөлігінде міндеттемелерді орындау бойынша жүйелі жұмыстың қажеттілігін атап өтті.\
«Экология министрлігі қызметтің салалық ерекшеліктерін ескере отырып, қамыс өртінің алдын алудың қолайлы шаралары туралы шешім қабылдауы тиіс. Өз кезегінде ТЖМ өрт туындаған жағдайда қолдау көрсетуге - күш, техника жіберуге, үйлестіруді қамтамасыз етуге дайын», - деп ТЖ вице-министрі атап өтті.
Тараптар қауіпсіз өрт қауіпті кезең шеңберінде бірлескен іс-шараларды күшейту туралы уағдаласты.